Өзбекстан Тәжікстандағы медициналық кешеннің құрылысын аяқтады
Өзбекстан Тәжікстанның Кубодиён ауданында медициналық кешен салды. Құрылыс жұмыстары аяқталып, жақында аурухана науқастарды қабылдай бастайды.
Бұл медициналық кешенде COVID-19 науқастарын тексеруге арналған жеке ғимарат бар. Заманауи жабдықтар науқастарға коронавирустық инфекцияның бар-жоғын тез анықтауға мүмкіндік береді. Содан кейін олар облыстық және астаналық ауруханаларға медициналық көмек алу үшін жіберіледі.
Медициналық кешенді салу туралы келісім Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің 2018 жылғы наурызда Тәжікстанға мемлекеттік сапары кезінде жасалған болатын. Бұдан бөлек өткен жылы Өзбекстан Тәжікстанның Соғды облысының Спитамен ауданында 630 орындық мектеп салып берген еді.
Өз кезегінде Тәжікстан да, Самарқандта 640 орындық мектеп пен Ферғанада балабақша салуды өз міндетіне алған.