Өзбекстан туризм саласында кадрлар даярлауда швейцариялық білім беру жүйесін пайдаланбақ.
Dunyo ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі дипломатиялық өкілдіктері БАӘ Facetime Management Service (FMS) компаниясының басшысы, Швейцария Іскерлік кеңесінің мүшесі Надин Патрик Кудиннің Ташкент пен Самарқандқа сапарын ұйымдастырды.

Сапар мақсаты – Өзбекстанда швейцариялық білім беру жүйесі негізінде туризм саласында кадрлар даярлауда ынтымақтастық орнату, «Ишга Мерхамат» моноорталықтарының қызметімен танысу және компаниямен ынтымақтастық жасайтын Таяу Шығыс, Маврикий, Сейшель және Мальдив аралдарының қонақ үйлеріне азық-түлік өнімдерін экспорттау мәселелерін талқылау болды.
Келіссөздер барысында Самарқандтағы «Жібек жолы» университеті мен Швейцария білім академиясы арасында ынтымақтастықты жолға қою, Швейцарияда сертификатталған бірлескен бағдарламаларды енгізу, туризм техникумдарының оқытушыларын даярлау үшін Өзбекстанға шетелдік мамандарды тарту, студенттердің шетелде тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру, білім беру жүйесін жетілдіру моноорталықтардағы кәсіптік оқыту үдерістерінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар талқыланды.
2022 жылдың 30 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында өтетін Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесі аясында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қоюға келісілді.