2023 жылғы 13 ақпанда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрінің м.а. Бахтиёр Саидов Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Сара Ношадиді қабылдады.
СІМ мәліметінше, кездесуде Өзбекстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалық бағыттары талқыланды.
«Бұл диалог соңғы жылдары айтарлықтай кеңейіп, сапа жағынан жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Өзбекстан Ұйымның белсенді қатысушысы болып саналады және бірқатар ірі бірлескен іс-шаралардың бастамашысы және бірлескен демеушісі болып табылады.
2022 жылдың шілдесінде Өзбекстан тарихта алғаш рет 2022-2026 жылдарға арналған Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің мүшесі болып сайланды. Өзбекстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздейтін 2022-2026 жылдарға арналған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство ақпаратында Өзбекстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Орталық Азия аймағындағы құзыреті салаларында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Хиуа процесі» басталғаны айтылған.