2022 жыл 12 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов бастаған делегация Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен келіссөздер жүргізді.
СІМ мәліметінше, АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толып жатқан биылғы жылы Стратегиялық әріптестік диалогының екінші отырысын өткізу ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, бұл механизм екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға ғана емес, диалогтың басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретінін мәлімдеген.
«Э.Блинкен Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға оң баға беріп, американдық тараптың оларды жүзеге асыру үдерісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы республиканың адам құқықтарын қорғау, оның ішінде діни бостандықтарды қамтамасыз ету, адам саудасымен күрес және мәжбүрлі еңбекті тоқтату саласындағы жетістіктеріне ерекше атап өтті», делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство дегеніше, Мемлекеттік хатшы Өзбекстанның Орталық Азиядағы өзара сенім мен түсіністік ортасын нығайту бойынша жүргізіп отырған өңірлік саясатын жоғары бағалап, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы келісімді құптаған.
«Менің ойымша, бұл аймақтағы және одан тыс жерлердегі көптеген адамдарға осы мәселелерді шешуде дипломатияның маңыздылығы туралы күшті сигнал береді», - деген АҚШ Мемлекеттік департамент басшысы.
Сауда, инвестиция, ғылым мен білім, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға тараптардың мүдделілігі айтылып, екіжақты деңгейде «С5+1» өңірлік форматы және халықаралық ұйымдар аясында жоспарланған іс-шаралар кестесі туралы пікір алмасылғаны айтылады СІМ хабарында.