Бішкекке жұмыс сапарымен барған Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловты Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады.
СІМ мәліметінше, кездесуде министр Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияевтің Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа жолдаған хатын тапсырды.
Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты қатынастарды дамыту туралы пікір алмасып, кейінгі жылдары Орталық Азияда қалыптасқан қауіпсіздік, тұрақтылық пен тату көршілікті ортаны одан әрі нығайту қажеттілігі жайлы сөз айтты.
Бүгінгі күні теңіз порттары мен жаңа сыртқы нарықтарға ең қысқа жол ашатын көлік дәліздері жүйесін қалыптастыруға мол мүмкіндік жасалуда. Бұл өз кезегінде аймақаралық сауданың жеделдеуіне, транзиттік тасымалдың ұлғаюына, шикізат, құрал-жабдықтар мен дайын өнімді тасымалдау құнын төмендетуге ықпал етеді.
Кездесуде өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелер талқыланды.