Өзбекстан СІМ басшысы Ресей СІМ басшысымен келіссөздер жүргізді
2023 жыл 22 мамырда Мәскеу қаласында Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздер жүргізді.
СІМ мәліметінше, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Өзбекстан-Ресей күн тәртiбiндегi ағымдағы мәселелердi жан-жақты талқылап, ынтымақтастықты одан әрi кеңейту перспективаларын айқындады.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Атап өтілгендей, ағымдағы жылдың басынан бері өзара сауда көлемі 2,4 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артқан. Министрлер экономикалық дипломатияның жоғары қарқынын қолдау бойынша бірлескен шараларды жалғастыруға келісті», делінген хабарламада.
Өзбекстан мен Ресей СІМ басшылары парламентаралық диалогты нығайту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру, туристер алмасуын арттыру мәселелерін де қарастырған.