Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның терроризмге қарсы департаментінің басшысы Владимир Воронковпен кездесті.
СІМ мәліметінше, кездесуде тараптар соңғы жылдары Өзбекстанның БҰҰ және оның құрылымдарымен ынтымақтастығы практикалық мазмұнмен байып, сапа жағынан жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Сұхбат барысында БҰҰ-ның Орталық Азиядағы лаңкестікке қарсы жаһандық стратегиясын және екіжақты ынтымақтастықтың «Жол картасын» жүзеге асыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл жоспары аясында түрлі салалардағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүмкіндіктер бар екені айтылды.
Владимир Воронков Өзбекстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына табысты төрағалығы мен ұйымның жуырда Самарқандта өткен саммиті айтарлықтай нәтижелермен аяқталғанын жоғары бағалады.
Өзбекстанның аймақта және елде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, толеранттылық, дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, тиімді жастар саясатын жүзеге асыру, әйелдер мен балаларды қақтығыс аймақтарынан қайтару және олардың қоғамға интеграциясын қамтамасыз етудегі әрекеті атап өтілді.