2022 жыл 5 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваяны қабылдады.
СІМ мәліметінше, кездесу барысында Өзбекстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегі талқыланды.
Владимир Норов Өзбекстанның БҰҰ және оның институттарымен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастыққа үлкен көңіл бөлетінін атап өтті.
Өзбекстан бүгінгі таңда БҰҰ қызметіне қатысып, өзекті жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуге бағытталған маңызды халықаралық бастамаларды алға жылжытып жатқаны сөз болды.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Өзбекстанның халықаралық аренадағы, ең алдымен, БҰҰ аясындағы белсенділігі артып келе жатқанын, сондай-ақ ел басшылығының жаһандық және аймақтық бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан кеңінен қолдау тауып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қарым-қатынастарды жан-жақты дамыту, адам құқықтарын қамтамасыз ету, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, жастарды қолдау мәселелері қаралып, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, климаттың өзгеруімен күрес және Арал экологиялық апатының зардаптарын азайту аясында қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды, делінген СІМ хабарында.