Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне кірісті
16:43 / 2023-07-14

14 шілдеде Ташкентте Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығару палатасы мен Сенатының бірлескен отырысында Өзбекстан Республикасының сайланған Президентінің инаугурациясына арналған салтанатты рәсім өтті.

Оған депутаттар мен сенаторлар, мемлекеттік ұйымдардың басшылары, дипломатиялық корпус пен қоғам өкілдері, жергілікті және шетелдік БАҚ қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шараны Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы З.Низомхужаев ашып, Президент сайлауы жаңартылған Конституция мен демократиялық принциптерге негізделген саяси жағдайында өткенін атап өтті. Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясынан кандидат Шавкат Миромонович Мирзиёев сайлаушылардың 87,05 пайыз дауысын алып, Өзбекстан Республикасының Президенті болып сайланғанын атап өтті. Осыған орай Шавкат Мирзиёевті жылы лебізімен құттықтап, Өзбекстан Республикасы Президентінің куәлігін табыс етті.

Шавкат Мирзиёев еліміздің Конституциясына сәйкес Өзбекстан халқына адал қызмет етуге, республика Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Өзбекстан Республикасының Президентіне жүктелген міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.

Салтанатты шарада Мемлекет басшысы сөз сөйледі.

– Мен бүгінде еліміздің тәуелсіздігіне, 36 миллионнан астам халқы бар аяулы халқымның тыныштығы мен амандығына жеке жауапты екенімді жүрегіммен сезіп тұрмын. Осындай жоғары сенім, құрмет пен ілтипат үшін көпұлтты, ержүрек, дана халқымызға перзенттік мейірім және адалдықпен бас иемін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстанның жаңа дәуірге аяқ басып жатқаны, бұл саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық салаларда түбегейлі өзгерістер мен үлкен өзгерістер кезеңі болатыны атап өтілді. Ол үшін тың идеялар мен бастамалар керек, бұрынғыдан да құлшыныспен, ынтамен жұмыс істеу керек.

Әлемдегі қақтығыстар экономикаға қиындықтар туғызуда. Климаттың өзгеруі, табиғи ресурстар мен су ресурстарының тапшылығының артуы да тұрақты дамуға кері әсерін тигізуде. Осындай қиын да қауіпті жағдайда халқымыздың мүддесіне сай келетін бірден-бір дұрыс жол – тиімді ішкі және сыртқы саясат жолын нақты айқындап, оны мүлтіксіз жүзеге асыру қажет екендігі баса айтылды.

Президент осыған байланысты алдағы жеті жылға арналған стратегиялық мақсаттарды көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, бұл – заңнама мен атқарушы билікті жетілдіру, ықшам әрі тиімді басқару жүйесін құру, әлеуметтік сала мен қызмет көрсету саласын дамыту, кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін кеңейту, халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыру.

Экономика саласында «жасыл экономика» және «жасыл энергетика» қағидаттары кеңірек енгізілетін болады. Инвестиция тарту артады. Өнеркәсіп дамытылады. 2030 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімі 160 миллиард долларға жеткізу мақсаты қойылған.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жастарға арнайы үндеу жасады.

– Құрметті ұл-қыздарым, бүгін тарихтың өзі, заманның өзі алдарыңыздан теңдесі жоқ мүмкіндіктер ашып отыр. Сіздер Өзбекстан тарихында алтын әріптермен жазылатын ұлы істерді атқаруға қабілеттісіздер, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстанның ең үлкен күш-қуаты – көп ұлтты халқы бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқаны, еліміздің алдағы уақытта да нағыз адамгершілік пен толеранттылық елі болып қала беретіні атап өтілді.

Терең ойластырылған сыртқы саясат пен экономикалық дипломатия саласындағы жұмыстар дәйекті түрде жалғасатын болады. Ең алдымен, өңіріміздегі елдер, әріптес елдермен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі. Экология мен қоршаған ортаны қорғау, су тапшылығын болдырмау да кезек күттірмейтін міндет болмақ.

Президент бұл кезекті сөзінде түрлі көрсеткіштерге тоқталмады, экономикалық көрсеткіштерді келтірмеді. Ең үлкен жетістік – халқымыздың дүниетанымының көтерілуі, адамдар үлкен мақсаттарға ұмтылып, ертеңгі күнге сеніммен өмір сүріп жатқаны айтылды.

Өзін-өзі өзгерте алатын ұлт, сөзсіз, өмірі мен әлеуметтік ортасын да өзгерте алады, алдына қойған мақсатына жететіні сөзсіз.

– Осындай үлкен сеніммен өмір сүріп жатқан халықтың көшбасшысы болып, оны нұрлы бағыттарға бастау – мен үшін үлкен бақыт, зор мәртебе.

Өмірімнің мәніне айналған ұлы мақсат - Жаңа Өзбекстанды, Үшінші Қайта өрлеу дәуірінің іргетасын қалау жолында сіздермен бірге, бүкіл халқымызбен бірге бар күш-қуатымды, білімімді және әлеуетімді жұмылдыру үшін аянбай еңбек етуге дайынмын, -  деді Шавкат Мирзиёев.

Мемлекеттік әнұран шырқалды.

Осымен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығару палатасы мен Сенатының бірлескен отырысы аяқталды.