Құрметті делегация басшылары!
Құрметті Бас хатшы!
Конференцияға қатысушылар!
Ең алдымен, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитінде Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын.
Өзбекстанға қош келдіңіз!
Бүгінгі жоғары деңгейдегі кездесу ортақ даму үшін көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге деген нық ниетіміздің айқын дәлелі.
Бүгінде әлемнің саяси архитектурасы көз алдымызда өзгеріп, жаһандық қайта құру жүріп жатыр.
Осы күрделі үдерістерде үлкен орын алатын Ұйымымызға мүше елдердің бірігіп, туындап жатқан қауіп-қатерлерге тиімді шешімдер табуы маңызды.
«Ынтымақтастықта экономикалық тұрақтылық пен дамуға қарай» атты ұранмен өтіп жатқан саммитімізде біз сіздермен, құрметті әріптестерім, көпжақты қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге шығару және ең өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасамыз.
Бүгінгі шараға қатысып, өзара тиімді қарым-қатынасымызды дамытуға қосқан зор үлесіңіз үшін баршаңызға ерекше алғысымды білдіргім келеді.
Осы сәтті пайдалана отырып, Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Гайдарович Әлиевті Ұйымымызға табысты төрағалық етуімен шын жүректен құттықтаймын.
Әзербайжанның төрағалығы аясында «Жасыл өту және өзара тәуелділік жылы» аясында өткен бірқатар іс-шаралар мен бастамалар практикалық серіктестігімізді кеңейтуге елеулі үлес қосты.
Біз келесі жылы Ұйымымызға төрағалық ететін Иран Ислам Республикасының аймақтық сауданы дамыту арқылы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жоспарлары мен мақсаттарын толық қолдаймыз.
Құрметті саммит қатысушылары!
Осыдан тура екі жыл бұрын Ашхабадта ұйымымыздың он бесінші саммитін сәтті өткіздік. Түркіменстандағы кездесуімізде қабылданған маңызды шешімдер ұйымымыздың қызметіне жаңа тыныс берді.
Ұйымды реформалау және оның тиімділігін арттыру, халықаралық аренадағы беделін жоғарылату бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Көлік министрлеріміз қабылдаған Ташкент декларациясының маңыздылығын атап өткім келеді.
Баку қаласында Таза энергия орталығын құру және аймақтық электр энергиясы нарығын құру бойынша практикалық жұмыстар жүргізілуде. Экология саласында жоғары деңгейдегі коммуникациялық алаң құрылды. Туристік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында алғаш рет Ұйымның Туроператорлар желісі құрылып, Қауіпсіз туризмді дамыту бағдарламасы бекітілді.
Құрметті делегация басшылары!
Ұйым мүшелерін ортақ тарихымыз бен қасиетті Ислам дініміз, бай мәдениетіміз және ұқсас құндылықтарымыз тығыз байланыстырады.
Жарты миллиард халқы бар кең байтақ өңіріміздің сауда-экономикалық, индустриялық, инвестициялық-инновациялық, көлік қатынастарын дамытуда әлеуеті зор.
Талдау көрсеткендей, әлемдегі жаһандық дағдарысқа қарамастан, біздің экономикалар тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр.
Кейінгі жылдары Өзбекстанда артқа қайтпайтын реформалар қарқынды жүзеге асырылып жатқанын бәріңіз жақсы білесіздер. Біз экономиканы ырықтандыруға, халқымыздың тұрмысы мен әл-ауқатын одан әрі жақсартуға баса назар аударып отырмыз.
Жаңа Өзбекстанда соңғы алты жылда жалпы ішкі өнім көлемі бір жарым есе өсті. Біз бұл экономикалық көрсеткішті 2030 жылға қарай тағы екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұған, ең алдымен, «жасыл» экономика мен заманауи инфрақұрылымды құру, жеке секторды ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу, шетелдік инвестицияларды белсенді тарту арқылы қол жеткізу жоспарлануда.
Осы орайда біз халықаралық аренада өзіндік үні мен ықпалы бар Ұйымымыздың барлық мүшелерімен тиімді жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені, жақын әрі тату көрші елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтыра алады. Біздің елдерімізді ортақ сауда-көлік дәліздері мен энергетикалық желілер байланыстырады. Жаңа «өсу нүктелерін» бірге табу арқылы болашақта айтарлықтай нәтижелерге жететініміз сөзсіз.
Құрметті жиын қатысушылары!
Өзбекстан Ұйымымыздың негізгі құжаты «Перспективалар – 2025» бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындыларын қолдайды. Әлі пайдаланылмай жатқан зор мүмкіндіктерді терең талдау негізінде ұйымымыздың болашақтағы басым бағыттары мен секторларын айқындайтын «Экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық мақсаттары – 2035» тұжырымдамалық құжатын әзірлейтін уақыт жетті деп есептейміз.
Бұл маңызды құжатта келесі негізгі бағыттарға назар аудару қажет.
Біріншіден, өзара сауданы ынталандыру. Өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 85 миллиард долларды құрады. Бұл Ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы сыртқы саудасының 8 пайызын ғана құрайды. Өкінішке орай, преференциялық сауда келісімін жасау бойынша көп жылғы талпыныстар күткен нәтиже бермей отыр. Кедергісіз сауданы құру жолында әлі де көптеген шектеулер мен қиындықтар бар.
Біз бұл жағдайларды ашық мойындап, жағдайды оң жаққа өзгерту үшін жаңа көзқараспен қарауымыз керек. Осыған байланысты мен біздің сарапшылар әзірлеген Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аясында сауданы жеңілдету туралы келісімді қабылдауға шақырамын.
Бұл құжатта тауарлар мен қызметтердің саудасын жеңілдету, техникалық және нотариалдық кедергілерді жою, кедендік, фитосанитарлық және ветеринариялық рәсімдерді цифрландыру, электронды сауданы дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл шаралар арқылы 2035 жылға қарай өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға болады.
Екіншіден, өзара көлік-коммуникацияны нығайту. Мүше мемлекеттердің көпшілігінің теңізге тікелей шығу мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте біз аумақтарымыз арқылы өтетін және Азия-Тынық мұхиты, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Еуропаның негізгі нарықтарымен байланысатын трансконтиненттік көлік дәліздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек.
Алдағы уақытта «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» және Трансауған мультимодальды жолдарының іске қосылуы барлық мүше мемлекеттердің мүдделеріне сай болмақ.
2 қарашада Ташкентте өткен көлік министрлерінің отырысында «Өзбекстан-Түркіменстан-Иран-Түркия» көлік дәлізін дамыту жөніндегі қабылданған құжатқа басқа мүшелерді де қосылуға және өзара тарифтер мен алымдарды оңтайландыруға шақырамын.
Айта кетейік, Өзбекстан Әзірбайжан және Түркиямен жүк тасымалдау құжаттарын цифрландырса, басқа елдермен де осындай жобалар жүзеге асырылуда.
Осындай заманауи жүйелерді кеңінен енгізу және тиімді үйлестіру үшін мен Ташкентте Ұйымның цифрлық көлік және кеден кеңсесін құру туралы бастама көтеремін.
Үшіншіден, өндірістік кооперация мен іскерлік байланыстарды жандандыру, өнеркәсіптік хабтарды қалыптастыру.
Біз өзара инвестициялар ағынын арттыру, оларды қорғау және өндірістік кооперацияны тереңдету бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлеп, Ұйымымыздың Хатшылығына ұсындық. Бұл құжат химия, энергетика, геология, тоқыма, былғары-аяқ киім, тамақ, фармацевтика және құрылыс салаларындағы жаңа бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Біз осы игі жолда Ұйымның Сауда және даму банкімен серіктестік қарым-қатынасын кеңейтуді жақтаймыз.
Кеше Ташкентте Сауда-өнеркәсіп палаталары басшыларының және көптеген компанияларымыз басшыларының қатысуымен өткен бесінші бизнес-форум жеке сектордағы әлеуетіміздің зор екенін айқын көрсетті. Біз Ұйымымыздың аясында өңіраралық өнеркәсіп көрмесін ұйымдастыруды және оның алғашқы шарасын 2024 жылы Өзбекстанда өткізуді ұсынамыз.
Төртіншіден, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ұлттық энергетикалық стратегияларды үйлестіру, энергия ресурстарын жеткізудің өңіраралық желілерін дамыту, «жасыл» энергетикалық технологияларды кеңінен енгізудің маңыздылығы артып келеді.
Біз Ұйымның энергетика саласындағы ынтымақтастық стратегиясының негізгі бағыттарының бірі болып табылатын жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. 2030 жылға қарай біз 25 гигаватт жаңартылатын энергия көздерін құруды және олардың теңгерімдегі үлесін 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Биылдың өзінде қуаттылығы 2 гигаватт болатын ірі жел және күн электр станцияларын іске қосып жатырмыз. «Жасыл сутегі» өндірісі саласында да алғашқы қадамдарды жасаудамыз. Біз осы бағыттар бойынша барлық елдермен ашық диалог пен тәжірибе алмасуға дайынбыз.
Ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылап, жүйелі негізде жұмыс жүргізу үшін Ұйымымыз аясында жеке энергетика министрлерінің кеңесін құруды ұсынамыз.
Бесіншіден, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау бойынша коммуникацияны жеделдету. Қазіргі уақытта біздің елдер осы өткір проблемалардың ауыр зардаптарымен бетпе-бет келіп отыр. Мұздықтардың еруі, су тапшылығы, шөлейттену, шаңды дауылдар, топырақ эрозиясы және биологиялық әртүрліліктің жоғалуы сияқты процестер үлкен алаңдаушылық тудырады.
Біздің құрылымымыз асясында экологиялық мәселелер бойынша жоғары деңгейлі платформа құру идеясын қолдағаныңыз үшін рахмет. Біз оның бірінші конференциясын 2024 жылы Самарқанд климаттық форумы аясында ұйымдастыруға дайынбыз.
Сондай-ақ, келесі аптада елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымыныңі Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының орындалуын қарау жөніндегі комитет отырысына өкілдеріңізді белсенді қатысуға шақырамыз. Барған сайын күрделі мәселеге айналып бара жатқан құм және шаңды дауылдармен күресу үшін Самарқанд декларациясын қолдауға шақырамыз.
Алтыншыдан, туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Жақында Самарқанд қаласында 140-тан астам елдің қатысуымен өткен Дүниежүзілік туристік ұйым Бас Ассамблеясының сессиясы өңіріміздің туристік әлеуетіне әлем назарын аударудағы тарихи оқиға болды.
Бүгінде Ұйым аумағында ЮНЕСКО-ның 90-ға жуық Бүкіләлемдік мұра нысандары орналасқан және жыл сайын біздің елдерге 80 миллионға жуық шетелдік туристер келеді.
Трансшекаралық маршруттардың танымалдылығын ескере отырып, бірлескен туристік маршруттарды енгізуді және «Жібек жолы» туристік бренді аясында жалпы туристік бағдарламаларды арттыруды ұсынамын.
Ұйымымыздың Хатшылығы жанынан мүше елдердің туризм әкімшіліктері мен жетекші сарапшылардан тұратын арнайы туризм жөніндегі консультативтік комитет құруды ұсынғым келеді. Оның алғашқы отырысын келесі жылы ұйымымыздың туристік астанасы болып жарияланған Шахрисабз қаласында өткізуге дайынбыз.
Сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттерді Самарқандта ашылған Дүниежүзілік туристік ұйымның Халықаралық туристік академиясының мүмкіндіктерін барынша пайдалануға шақырамыз.
Жетіншіден, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету арқылы достас халықтарымызды жақындастыру. Жыл сайын елдерімізде мәдениет, өнер және кино апталықтарын кезектесіп өткізу, жастардың шығармашылық фестивальдері мен инновациялық ынтымақтастық алаңын құру, іргелі ғылыми бағыттағы өзара ынтымақтастықты нығайту қарым-қатынастарымыздың дамуына күшті серпін береді.
Құрметті саммит қатысушылары!
Жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіретін Таяу Шығыстағы Палестина-Израиль соғысы баршамызды қатты алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, осы қанды қақтығыстың салдарынан ең алдымен бейбіт тұрғындар, әсіресе әйелдер, балалар, қарттар құрбан болуда. Соғыстың бүкіл аймаққа таралу қаупі барған сайын шынайы түс алуда.
Қарсыласудың ауқымды қақтығысқа айналуына жол беруге болмайды. Біз тараптарды соғыс қимылдарын дереу тоқтатып, бейбіт келіссөздерді бастауға және ақылға қонымды ымыраға келуге шақырамыз.
Палестина халқының Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарларымен бекітілген құқығы, яғни өзінің тәуелсіз мемлекетін құру құқығы бар екендігі туралы өзіміздің берік ұстанымымызды мәлімдейміз.
Сондай-ақ бүгінгі саммит Ұйымымызға мүше елдердің бірі Ауғанстанның қатысуынсыз өтіп жатқанына назар аударғым келеді.
Ғасырлар бойы көршіміз болған көп ұлтты Ауғанстан халқын бүгінгі күрделі мәселелер алдында жалғыз қалдыруға болмайды. Бұл елдің өңірлік интеграциялық процестерге белсенді қатысуы тұрақты дамуымыздың таптырмас және қажетті шарты болып табылады.
Баршаңызды ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді арттыруға, осы елдегі өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ұжымдық жауапкершілік пен қолайлы тетіктер негізінде шешуге шақырамын.
Құрметті әріптестер!
Сөзімнің соңында бүгінгі тарихи саммит және оның нәтижелері біздің Ұйымды тиімді құрылымға айналдырып, көпжақты серіктестігімізді жаңа биіктерге көтереді деп сенемін.
Назар аударғаныңыз үшін рақмет.