Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 18 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің бейнеконференциялы отырысы өтті, деп хабарлайды Президент баспасөз қызметі.
Саммитте Беларусь Республикасы Президенті Александр Лукашенко, Молдова Республикасы Президенті Игорь Додон, Әзірбайжан Республикасы Президенті Ильхам Әлиев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасы Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасы Президентінің м.а. Талант Мамитов, ТМД Атқару комитетінің төрағасы - Атқарушы хатшы Сергей Лебедев және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес ТМД аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен басымдықтары қаралып, серіктестікті нығайтудың бірлескен жоспарлары анықталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Өзбекстан Республикасы алғаш рет Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына биылғы жылы төрағалық ету жөніндегі құрметті және жауапты міндетті қолға аланы жайлы айтып, «Өзбекстан ортақ мәселелерді шешуге жаңа, стандартты емес және өзара тиімді тәсілдерді бірлесіп әзірлеу мен енгізуге дайын», - деді Шавкат Мирзияев.

Бүгінгі кеңестегі негізгі мәселенің бірі Достастық шеңберінде «жасыл» және оңайлатылған дәліздер тәжірибесін кеңінен енгізу, электронды сауданы дамытудың бірыңғай алаңын іске қосу және «жол картасын» қабылдау маңызды екендігі сөз болды.
Өзбекстан Президенті өндірістік кооперацияның кешенді бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл жағдай агроөнеркәсіп, машина жасау, электротехника, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, фармацевтика мен басқа да басым салаларда бірлескен кластерлер құруды көздейді. Сондықтан бағдарламаны және инновациялық жобалар мен озық технологиялардың тұсаукесерін келесі жылы Ташкентте өтетін ТМД-ның өнеркәсіптік ынтымақтастық форумы аясында өткізу ұсынысы жасалды.
Өзбекстан барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, қысқа мерзімде өзара әуе рейстерін қалпына келтіруді қолдайды. Бұл іскерлік, гуманитарлық және туристік алмасуларды қалпына келтіруге қызмет етеді, деді Президент Шавкат Мирзияев.
ТМД елдерінің Достастық аумағында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік-құқықтық қорғау мәселесі күн өткен сайын маңызды бола түсуде. Осыған байланысты Өзбекстан басшысы еңбекші-мигранттардың құжаттарын өзара танудың бірыңғай механизмін құрып, осы бағытта арнайы бағдарлама қабылдауға уақыт келгенін айтты.
Саммит соңында Президент Шавкат Мирзияев пандемияның салдарымен байланысты барлық қиындықтарға қарамастан, Достастық шеңберінде бірлескен күш-жігер жаңа шындыққа тиімді бейімделу қабілетін көрсетті деп атап өтті.
Отырыста БҰҰ-ның 75 жылдығына және халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа орай ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен оны жүзеге асырудың негізгі іс-қимыл жоспары туралы бірлескен мәлімдеме қабылданып, келесі жылы Беларусь Республикасының ұйымға төрағалық етуі және келесі саммитті Минскіде өткізу туралы жарлық пен көпжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.














