Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөз сөйледі
21:02 / 2020-09-23

Президенті Шавкат Мирзияев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлы 75-ші сессиясында сөз сөйлеп, бірнеше маңызды мәселелер жөнінде ұсыныс білдірді


Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлы 75-ші сессиясында сөз сөйлеп, бірнеше маңызды мәселелер жөнінде ұсыныс білдірді.

Құрметті төраға, Волкан Бозкыр мырза!

Құрметті Бас хатшы Антониу Гутерриш!

Құрметті делегация басшылары!

Ханымдар мен мырзалар!


Бас Ассамблеяның 75-ші сессиясы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарихында тұңғыш рет мүлдем жаңа форматта - коронавирустық пандемияға байланысты онлайнды түрде өтіп жатыр.

Мұндай глобалды апат планетамызда соңғы жүз ішінде болмаған. Бұл апат бүкіл адамзаттың әлсіз жақтарын айқын көрсетті. Қазіргі қауіпті және күрделі жағдай әлемдегі барлық мемлекеттер мен халықтардың өзара байланысты екендігін және біздің арамыздағы тұрақты байланыс, сенім және тығыз ынтымақтастық өте маңызды екенін дәлелдеді.

Осыған байланысты біз барлығымыз үкіметтердің, парламенттердің және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру, жалпы жауапкершілік қағидаттарын нығайту, халықаралық серіктестіктерді үйлесімді дамыту, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәртебесі мен әлеуетін арттыру, оның өкілеттіктерін кеңейту қажеттілігін терең түсіндік.

Біздің мақсат - әрбір адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын, денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін әділетті ғаламдық жүйені бірлесіп құру.

Осы орайда біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен Пандемия кезінде мемлекеттердің ерікті міндеттемелерінің халықаралық кодексін әзірлеуді ұсынамыз. Бұл құжат әр мемлекеттің өз азаматтары мен халықаралық серіктестері алдындағы міндеттерін көрсетуі керек.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Өзбекстандағы COVID-19 тіркелген алғашқы күндерден бастап біз барлық күштерімізді және ресурстарымызды осы қауіпті ауруды ауыздықтауға, ең бастысы, адамдардың өмірін сақтауға жұмылдырдық.

Пандемияның жағымсыз салдарын азайту үшін әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтау жүйелері күрт күшейтіліп, халыққа, экономика салалары мен бизнеске мақсатты қолдау көрсетілуде. Ол үшін арнайы қорлар құрылды.

Осы мүмкіндікті пайдалана тұрып, бізге осынау сынақты күндерде жомарттық танытып көмектескен барлық достар мен серіктестерімізге зор алғысымды білдіргім келеді.

Біз халықаралық қауымдастықтың пандемиямен тиімді күресу үшін барлық күш-жігерін, оның ішінде маңызды дәрілік заттар мен вакциналар жасау және оны кеңінен қолдану әрекетін қолдаймыз.

Сонымен қатар Бас хатшы Антониу Гутеррештің бүгінгі дағдарыс жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері бойынша саммит өткізу туралы ұсынысын біз өте орынды деп білеміз.

Құрметті Бас Ассамблея сессиясының қатысушылары!

Осыдан үш жыл бұрын мен БҰҰ-ның биік мінберінен Өзбекстанның түбегейлі реформаларын жүзеге асыруға бел буғанын айттым.

Қоғамды саяси, әлеуметтік және экономикалық модернизациялау жөніндегі ауқымды шараларымыздың нәтижесінде жаңа Өзбекстан қалыптасуда. Бүгінгі таңда еліміздегі демократиялық өзгерістер артқа қайтпау жолынан бағыт алған.

Өткен жылғы парламенттік сайлау халықтың және партиялардың өсіп келе жатқан саяси белсенділігін, азаматтық қоғам институттарының рөлін және бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын көрсетті.

Біз үшін гендерлік теңдік саясаты басымдыққа ие болды. Мемлекеттік басқаруда әйелдердің рөлі артып келеді. Біздің жаңа Парламенттегі әйелдер депутаттарының саны екі есеге артты.

Адам құқықтарының жағдайы да толығымен өзгерді. Міндетті және балалар еңбегі толығымен жойылып, адам құқығы бойынша Ұлттық стратегия қабылданды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының азаматтығы жоқ адамдардың санын азайту туралы үндеуіне жауап ретінде биыл 50 мың отандасымызға Өзбекстан азаматтыы берілді.

Елдегі діни бостандықтың жағдайы да күрт жақсарды. Этносаралық келісім мен конфессияаралық толеранттылықты одан әрі нығайту - біздің тұрақты міндетіміз.

Сот жүйесінің шынайы тәуелсіздігі мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді реформалар дәйекті түрде жүзеге асырылуда.

Тамыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Самарқандтағы Жастар құқықтары жөніндегі халықаралық форум сәтті өтті.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен Өзбекстанды БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын қабылдау бастамасын қолдауға тағы да шақырғым келеді.

Бұдан бөлек, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқықтарын қамтамасыз етуде парламенттердің рөлін арттыру туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының арнайы резолюциясын қабылдауды ұсынамыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясында көтерілген бастама негізінде өткізілетін Орталық Азия елдері басшыларының тұрақты Консултациялыықкездесуі біздің тұрақты жетістігіміз болды.

Соңғы төрт жылда Өзбекстанның көршілес елдермен екіжақты сауда айналымы бес есеге жуық өсті.

Бүгінгі күні Орталық Азия мемлекеттерінің алдында маңызды стратегиялық міндет тұр. Бұл біздің аймақтың әлемдік экономикалық, көлік және транзиттік дәліздерге терең интеграциясын қамтамасыз ету.

Осыған байланысты біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен көлік және коммуникация салаларын дамытудың аймақтық орталығын ашуды ұсынамыз.

Біз осы стратегия шеңберінде Өңірлік бірлескен жоспардың 10 жылдық қорытындылары мен болашақ перспективалары туралы халықаралық конференция өткізуді қолдаймыз.

Аймақтың ежелгі және бай мәдени мұрасының әлемдік маңызы бар екені белгілі. 2021 жылы біз ЮНЕСКО-мен бірлесіп ежелгі Хиуа қаласында «Орталық Азия әлемдік өркениеттер тоғысында» атты халықаралық форум өткізуге дайынбыз.

Ауғанстанды аймақтағы экономикалық интеграция процесіне тарту үшін біз «Сурхан-Пули Хумри» электр жеткізу желісінің құрылысы, Мазари-Шарифтен Үнді мұхитының порттарына дейінгі теміржол сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды бастадық.

Біз бірге және тығыз ынтымақтастықта ғана ауған халқының асыл арманын жүзеге асыра аламыз. Осыған байланысты «Тұрақсыз және деструктивті жағдайдан - бейбітшілік пен өркендеуге» атты қағидаты бойынша жұмыс жасау маңызды. Сондықтан да БҰҰ жанынан ауған халқының мәселелерін тыңдайтын тұрақты комитет құру қажет. Бұл комитеттің негізгі міндеті Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына көмектесуі керек.

Құрметті мемлекет және үкімет басшылары!

Заманымыздың тағы бір өткір проблемасы - бұл климаттың жаһандық өзгеруі. Бүгінгі таңда кез-келген ел осы процестің кері әсерін сезінуде. Өкінішке орай, мұндай өзгерістер Орталық Азияның дамуына үлкен қауіп төндіруде.

Мен сіздердің назарларыңызды Арал теңізінің кеуіп қалуының апатты салдарына тағы бір рет аударғым келеді. Арал аймағы экологиялық трагедияның орталығына айналды. Қазіргі жағдайды жақсарту үшін біз мұнда екі миллион гектар жаңа өсімдіктер мен ормандар құру, топырақ қабатын қалыптастыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Еліміздің бастамасымен Арал өңірі үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам қауіпсіздігі жөніндегі көпжақты сенім қоры құрылды. Бұл қор халықаралық қауымдастық үшін қиын экологиялық аймақта тұратын халыққа практикалық көмек көрсету үшін негіз алаңы болады деп сенеміз.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы ретінде жариялауы туралы арнайы қарар қабылдауды ұсынамыз. Осы маңызды құжаттың бекітілген күнін Халықаралық экожүйелерді қорғау және қалпына келтіру күні ретінде атап өту орынды болар еді.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сөзімнің соңында тағы бір мәселені баса айтқым келеді. Әлемнің түрлі аймақтарында толқулардың сақталуы, қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың өршуі, экологиялық апаттар және басқа да заманауи қауіп-қатерлер мен кедейліктің жаһандық мәселелерін күшейтуде.

Бұл проблемалар әсіресе пандемия жағдайында күрт өсіп барады. Барған сайын үрейленіп бара жатқан кедейшілік жаңғырығы бүкіл әлем қауымдастығын, бәрімізді алаңдатуы керек.

Осыған байланысты біз кедейлікті жою және кедейлікпен күресті БҰҰ Бас ассамблеясының келесі сессиясының басты тақырыптарының біріне айналдыруды және осы мәселелер бойынша жаһандық саммит өткізуді ұсынамыз.

Құрметті достар!

Пандемиядан кейінгі әлемнің әлеуметтік-экономикалық ландшафты мүлдем басқаша болатыны бәрімізге түсінікті.

Біз қауіпсіздік пен тұрақты дамуға төнетін ортақ қатерлерге қарсы жаңа тәсілдер мен тығыз ынтымақтастық негізінде жұмыс істеуіміз керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші халықаралық құрылым ретіндегі орталық рөлін одан әрі күшейту қажет.

Өзбекстан әрдайым әлемнің барлық елдерімен кең ауқымды және өзара тиімді серіктестікті, БҰҰ-мен және оның институттарымен практикалық диалогты дамытуға дайын.

Назар аударғандарыңыз үшін рақмет.