Ассалаумағалейкум, құрметті отандастар!
Құрметті депутаттар мен сенаторлар!
Қадірлі қонақтар!
Өзбекстан еліміз ұлттық дамудың жаңа дәуіріне батыл қадам басып келеді. Өміріміздің барлық салаларында үлкен өзгерістер орын алуда.
Шүкір биыл халқымыздың саны 36 миллионнан асты. Жыл сайын қатарымызға 900 мыңға жуық жаңа ұрпақ қосылуда.
Өзбекстан деп аталатын үлкен тату-тәтті отбасының әрбір мүшесінің бейбіт, бақуатты өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасаудың жолдарын үнемі іздестірудеміз.
Аяқталып келе жатқан 2022 жыл өте күрделі де сынаққа толы жыл болды десек, өтірік болмас. Осы кезеңде арттырған тәжірибеміз бір шындықты анық дәлелдейді: ілгерілеу тек қажырлы да батыл еңбек арқылы ғана жүзеге асады.
Сондықтан әлемде болып жатқан індетке, терең экономикалық және саяси дағдарыстар мен қақтығыстарға қарамастан, халқымыздың ерен еңбегімен қол жеткізген кейбір жетістіктерімізді атап өтуді жөн санаймын.
Ауқымды және тиімді реформаларымыздың нәтижесінде жалпы ішкі өнім алғаш рет 80 миллиард доллардан асты.
Биыл экономикамызға 8 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылып, экспортымыз 19 миллиард долларға жетті.
Мұндай тамаша нәтижелер бұрын-соңды болмаған.
Биыл біз тарихымызда алғаш рет зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің көлемін ең төменгі тұтыну шығысынан кем емес деңгейге жеткіздік. Мәселен, 2017 жылы 500 мың аз қамтылған отбасына әлеуметтік көмек көрсетілсе, бүгінде 2 миллионнан астам отбасы көмек алуда. Бөлінген қаржы 7 есе өсіп, жылына 11 триллион сумға жетті.
Біз жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыны, жан басына шаққандағы кірісті арттыру саясатын дәйекті түрде жалғастырамыз.
Бұл сандарды айтуға оңай. Олардың әрқайсысының артында тынымсыз еңбек жатыр. Өйткені адам құндылығы, адамды ардақтау – біздің назарымызда тұрған ең өзекті мәселе.
Осы мақсатта соңғы алты жылда елімізде 300 мыңға жуық тұрғын үй салынды, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 10 есе көп.
Осы кезеңде қосымша 500 мың оқушы орын ашылып, олардың жалпы саны 5 300 000-ға жетті. Қазір тағы 1 миллион 200 мың оқушы орыннын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Халқымыздың кәсіпқой болуына, кәсібіне кең жол ашып, нағыз мүлік иесі атанып, табыс табуына қажетті жағдай жасаудамыз.
Биылғы жылы 381 спортшымыз әлемдік және азиялық жарыстарда жүлделі орындарға ие болса, 43 талантты да білімді жастарымыз халықаралық беделді ғылым олимпиадалары мен жарыстарында жүлделі орындарға ие болды.
Өзбекстанның бүгінде әлемдік саясаттың орталықтарының біріне айналып келе жатқаны және халықаралық қауымдастықтың мұны кеңінен мойындап отырғаны да шындық.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиттерін, ондаған жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияларды өткізіп, маңызды бастамаларды алға тарттық. Мұның бәрі еліміздің халықаралық ықпалының күннен-күнге артып келе жатқанын көрсетеді.
Шекарамыздың мызғымастығын, тыныштығымызды көздің қарашығындай қорғап келе жатқан Отанымыз ұландарына да ізгі тілектерімді жолдаймын.
Ардақты ардагерлерімізге, аяулы апаларымызға, кәсіпкерлер мен фермерлерге құрметімді білдіремін.
Сондай-ақ реформаларымызды қолдап отырған шетелдік әріптестерімізге және бүгінгі конференцияға қатысқан дипломатиялық корпус өкілдеріне алғысымды білдіргім келеді.
Әрине, біздің барлық жетістіктеріміз – адами құндылығы жоғары өлке – Жаңа Өзбекстанды құру жолындағы алғашқы нәтижелер. Біз еңбекқор халқымызбен бірге осындай игі істерді жалғастырып, алдымызға қойған ұлы мақсаттарға міндетті түрде жетеміз.
Құрметті отандастар, қадірлі қонақтар!
Адамзат өте қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатқаны бәрімізге белгілі. Климаттың өзгеруі, су және басқа да табиғи ресурстардың сарқылу проблемалары жер бетіндегі басты қауіп-қатерге айналуда.
Өкінішке орай, мұндай қауіптер бізді де айналып өтпей тұр.
Биылғы жылдың жазында Қарақалпақстанда орын алған келеңсіз оқиғалар бүкіл елімізді қатты қынжылтты. Құдайға шүкір, көп ұлтты халқымыздың парасаттылығымен, даналығының арқасында жағдай өз орнына түсті.
Біз үшін «Қарақалпақстанның табысы – бүкіл Өзбекстанның табысы, Қарақалпақстанның қамы – бүкіл Өзбекстанның уайымы» деген идея әрқашан практикалық іс-қимыл бағдарламасы болып келген және солай болып қала бермек.
Біздің асыл мақсатымыз – бірлескен жұмысымызбен Жаңа Өзбекстанда жан-жақты дамыған, гүлденген Жаңа Қарақалпақстанды құру.
Ғасырлар бойы ет пен тырнақтай ынтымағы жарасқан халықтарымыздың достығына ешбір күш әсер ете алмайды. Өйткені өткеніміз бір, бүгініміз бен болашағымыз бір.
Біз сүйікті Отанымыздың қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге толық қауқарымыз бар. Бейбіт өмірімізді сақтап, тәуелсіздігімізді нығайтып, тұрақты даму жолымызды жалғастырамыз!
Құрметті достар!
Мына маңызды фактіні атап өткім келеді – бүгінгі заман бұрынғыдан да шапшаң белең алуда. Әл-ауқат артқан сайын халқымыздың сұранысы да артуда.
Еліміздің дамуын жаңа деңгейге шығару үшін менеджмент те, заңнама да, қоғамымыз да өзгеруі керек. Олай етпесек, проблемаларды көріп, оларды көрмеске алсақ, заманнан қалып қоямыз. Халқымыз, жас ұрпақ бізбен келіспейді.
Сондықтан «Алдымен адам, содан кейін қоғам және мемлекет» идеясын Конституциямыз бен заңдарымызға, күнделікті өмірімізге терең енгізуіміз керек. Бүгінгі ауыр сынақтар мен болжауға болмайтын қауіп-қатерлерді еңсере алатын ұлттық мемлекеттігіміздің іргетасын нығайтуымыз қажет.
Осыны ескере отырып, Негізгі Заңымызды жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Халқымыз бұл реформадан үлкен өзгерістер күтеді. Осыған байланысты бүгінге дейін 220 мыңнан астам ұсыныстың түсуі – соның айқын дәлелі.
Біз «Қоғам – реформалардың бастамашысы» деген қағиданы негізге ала отырып, барлық мәселеде халқымызбен ақылдаса отырып жұмыс істейміз.
Азаматтарымыз тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен тілектер ескеріліп, Конституция жобасы жалпыхалықтық референдумға шығарылады.
Ең бастысы, әрбір азамат конституциялық реформаларға атсалысып, «Бұл менің Конституциям» деп зор мақтанышпен айта білуі керек.
Құрметті отандастар!
Келер жылдың жоспарын дұрыс жасау үшін халқымыздың әр бағыттағы пікірін сараптап, 20 мыңға жуық ұсынысты талқыладық.
Халқымыз бізден мектеп, балабақша, аурухананың санын көбейтуді, білім мен медицинаның сапасын арттыруды, махаллада жол, су, жарық, көлік мәселелерін шешуді, жұмыс орындарын көбейтуді, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер жасауды, әділеттілікті қамтамасыз ету, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты жоюды күтуде.
Көтерілген мәселелер нақты және өзекті. Қанша қиын болса да, біз бұл мәселелерді шешуіміз керек. Бұл мәселелерді шеттен келіп ешкім шешпейді. Халқымыздың бастамасын, ынта-жігерін, әлеуетін пайдалануға барлық жағдай жасау біздің басты міндетіміз болуы керек.
Халқымызға неғұрлым көп мүмкіндік жасасақ, игілік қоғамымызға он есе, жүз есе қайтарылады.
Сондықтан келе жатқан жаңа 2023 жылды елімізде «Адамға көңіл бөлу және сапалы білім жылы» деп атауды ұсынамын.
Жыл атауын неге бұл атап отырмыз?
Біз Өзбекстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың орталығында халық пен оның мүдделерін қамтамасыз етуді бірінші кезектегі міндет етіп қойдық. Бұл саясат бір жылмен шектеліп қалмай, мәңгілік жалғаса беретіні бәрімізге түсінікті.
Біз осы елде өмір сүріп жатқан әрбір адамның бейбіт, бақытты өмір сүруіне, денсаулығының мықты болуына, жақсы білім алуына, отбасын асырауына барлық жағдайды жасауға тырысамыз және бұл жолда ешқашан тоқтамаймыз.
Білім сапасын арттыру – Жаңа Өзбекстан дамуының бірден-бір дұрыс жолы.
Біз келесі жылы Мемлекеттік бағдарламаға халқымыздың көтерген барлық мәселелерін нақты шешімдерімен енгізетін боламыз. Депутаттар мен сенаторларды, аудан өкілдерін, зиялы қауым өкілдерін, жастарды, кәсіпкерлерді, жалпы жұртшылықты осы үдерістерге белсенділік танытып, тың ұсыныстар мен бастамалар көтеруді сұраймын.
Құрметті депутаттар мен сенаторлар!
Енді 2023 жылға арналған бағыттарға тоқталғым келеді.
Бірінші бағыт. Мен ықшам және тиімді мемлекеттік басқару жүйесіне көшуді ұсынамын.
Бұрын назардан тыс қалып, «жоғалып кету» алдында тұрған салаларды «аяққа тұрғызу» үшін алты жылға жаңа министрліктер мен ведомстволар құру қажет болды. Солай істеуге тура келді, әйтпесе қазіргі нәрсеге қол жеткізе алмас едік.
Мектепке дейінгі білім, тұрғын-үй коммунал, «махаллабай» істеу, инвестиция, мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік салаларында үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Жеке сектор мен кәсіпкерліктің дамуы қайтпастай үдеріске айналды. Халқымыздың белсенділігі, заманауи техника мен кәсіпке деген құштарлығы артып келеді. Экономикамызда күн сайын жаңа салалар құрылуда.
Ашығын айту керек – бүгінде мемлекеттік аппаратта қайталану көп, қажетсіз штаттар бар. Орталықтандыру жоғары. Соның салдарынан бүгінгі күрделі мәселелердің дұрыс шешімін табуға тым көп уақыт, күш пен ресурстар жұмсалуда.
Үкімет қабылдаған шешімдерде, былайша айтқанда, «дауысы жоқ». Яғни, бұл шешімдерді дайындау мен орындауға олардың қатысуы мен жауапкершілігі жеткіліксіз. Енді министрлердің мұндай ескіше жұмыс істеуге құқы жоқ.
Сондықтан мен жаңа әкімшілік реформалар туралы Жарлыққа қол қойдым. Біз бұған көптен дайындалдық.
Бірінші кезеңде министрліктер реформаланып, үкіметтің жұмыс стилі де түбегейлі өзгереді. Бірінші кезекте министрліктер мен ведомстволардың саны қазіргі 61-ден 28-ге дейін қысқарады.
Көптеген министрлер ауысады. Өз саласын жетік білетін, жанқиярлық танытқан, жұмысына халықтың көңілінен шыққан министрлер өз орындарында қалады. Менің ойымша, бұл әдіс әділетті.
Мемлекеттік қызметкерлердің саны біртіндеп 30-35 пайызға азаяды. Үнемделген қаржы әлеуметтік мәселелерге бағытталады.
Әрбір министрдің саяси мәртебесі, оның Президент, Парламент және қоғам алдындағы жауапкершілігі артады. Соған сәйкес жауапкершілік те күшейтіледі. Оларға халықтың мәселелерін шешуге жеткілікті өкілеттік пен қаражат беріледі.
Министрліктердің қызметіндегі ашықтық, заңдылық, нәтижелілік пен сапа басты өлшем болмақ.
Енді министрлердің саяси жауапкершілігі артып, Үкімет шешімдерінің жобалары, еліміздің өміріне қатысты маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелер министрлердің тікелей қатысуымен алқалы түрде шешіледі.
Әр аймақтағы түйткілдерді шешу үшін ай сайын «Үкімет күні» өткізілетін болады.
Әр жылдың басында министр халық алдында саладағы жоспары туралы, ал жылдың соңында оның қорытындысы туралы есеп береді.
Соңғы жылдары біз Олий Мажлиске көптеген өкілеттіктерді бердік және оларды одан әрі кеңейтуді ойластырып жатырмыз. Депутаттар жаңа министрді тағайындауға да қатысып, жоспарлармен танысып, бекітуде.
Мен де ұзақ жыл депутат болып істедім, ол кезде Парламентте есеп беретін министрлерді сирек көретінбіз. Қазір жағдай мүлдем басқаша! Сондықтан ең басты мәселе – ел тағдыры, халқымыздың көңілінен шығу үшін бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек.
Барлық әкімшілік реформалар аясындағы жаңа бастамалар Ата Заңымызда нақтылануы тиіс. Сіздер де келісесіз деп ойлаймын.
Биыл біз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылдадық. Бұдан былай мемлекеттік лауазымдарға тек конкурс негізінде ғана қабылданатын болады. Барлық басшылардың жұмысы тиімділік көрсеткіштері бойынша бағаланады.
Жыл сайын 500 маманды шетелдік ең беделді университеттер мен орталықтарда оқытамыз.
Жаңа жылдан бастап әрбір әкім өз ауданына 40-50 миллион доллар жеке инвестиция тартуы керек.
Қазіргі таңда Орталық Азияда миллионнан астам халқы бар 7 қала бар. Өңірімізде астаналармен қатар басқа да ірі қалалар «өсу нүктесіне» айналуда. Олардың қатарында Самарқанд, Наманган қалалары бар. Олардың әрқайсысында бір миллион халық тұрады. Екі қалада да үлкен құрылыс жұмыстар атқарылуда.
Самарқанд қаласы әлемге әйгілі мегаполиске, халықаралық туризм мен іскерлік орталыққа айналуда. Наманган өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім, мәдениет салаларында да облыс орталығы ретінде өз орнын табуда. Сондықтан Самарқанд пен Наманган қалаларын жеке әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде республиканың бағыныстылығына беруді ұсынамын.
Бұл астанамыз Ташкентпен қатар «тартымды орталықтарды» көбейту саясатындағы жаңа практикалық қадам болмақ; жан басына шаққандағы табыс, жұмыс орындары артады; екі облыста да аудандарды дамытуға көбірек көңіл бөлінеді және бұл әділетті болады.
Екінші бағыт. Біз «әлеуметтік мемлекет» қағидасы негізінде Жаңа Өзбекстанды құруды мақсат етіп отырмыз. Біз мұны Конституцияда күшейтуіміз керек.
Сондықтан, ең алдымен, Жаңа Өзбекстан үшін ең үлкен инвестиция болып табылатын білім саласын қолдауға көңіл бөлеміз.
Мұғалім мәртебесін, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін Конституцияда бөлек белгілеу қажет деп есептеймін.
Келесі жылы бастауыш сыныптар мүлде жаңа әдістеме негізінде жасалған оқулықтар арқылы оқытылатын болады. Қазір олар халықаралық сараптамадан өтіп, елімізде сынақтан өтіп жатыр. Бірақ жоғарғы сыныптар ше? Ұстаздардың білім мен тәрбие сапасы, білімі мен біліктілігі талап деңгейінде емес екенін ашық айту керек.
Балаларымыз ана тілін, шет тілдерін жетік меңгеріп, компьютерде жұмыс істеуді үйренуі қажет. Біз балаларымызды кәсіпке, өнерге, мәдениетке қызықтыруымыз керек.
Осыған орай, Президент мектептерінде әлемнің 130 елінде мақұлданған «A-level» білім беру бағдарламасының құрылуы өз жемісін беруде.
Осы сәтті пайдалана отырып, еліміздің барлық мектеп ұжымдарына үндеу жолдағым келеді.
Аяулы балаларымыз мектептен шет тілін, кәсіп, компьютерлік сауаттылығын тиянақты меңгерсе, қоғамымыз қалай өзгеретінін білесіз бе?
Жаңа Өзбекстанда мектеп ұжымдары мен мұғалімдердің жауапкершілігі осы мәселелерде айқын көрінеді. Ал сіздер, жалынды ұстаздарымыз бұл міндетті абыроймен атқаратындарыңызға сенемін.
Келер жылы 70 жаңа мектеп салынып, 460 мектеп кеңейтіледі. Жеке инвестициялардың қатысуымен 100 мектеп құрылысының жобасы қолға алынса, алдағы бес жылда олардың санын 1 мыңға жеткіземіз.
Мектеп бітірушілердің 50 пайызының еңбек нарығына ешбір мамандықсыз шығуы баршамызды ойландырса керек. Сондықтан 700-ден астам кәсіптік лицей, колледж, техникумдардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет.
Осы мақсатта 2023 жылдан бастап жаңа бағдарлама жүзеге асырылмақ. Еуропалық кәсіптік білім беру стандарттары әр облыста 1 техникумда енгізіледі. Алдағы бес жылда барлық колледждер мен техникумдар осы жүйемен қамтылады.
Соңғы алты жылда мектепке дейінгі мекемелермен қамту 27 пайыздан 70 пайызға дейін артуы нәтижесінде бүгінде 2 миллионға жуық бала балабақшаға барады. Жақында Ташкентте өткен ЮНЕСКО-ның мектепке дейінгі білім беру жөніндегі дүниежүзілік конференциясында да реформаларымыз жоғары бағаланды.
Соңғы жылдары университеттеріміз 2,5 есеге өсіп, 198-ге жетті, қамту көрсеткіші 9 пайыздан 38 пайызға өсті.
Бұл ретте 41 жоғары оқу орнына академиялық және қаржылық тәуелсіздік беріліп, оларда трансформация кеңселері ашылды. Университет ректорлары, профессорлар мен оқытушылар бұл үдерістерге белсенділік танытып, жаңа, озық әдіс-тәсілдерді енгізуі керек.
Алдағы жылы университет студенттеріне жеңілдетілген білім беру несиесі ресурстары екі есе ұлғайтылып, 1,7 триллион сум бөлінеді.
Ғалымдардың жалақысы да 4,5 есеге өседі.
Келесі жылы ғылым мен инновацияға 1,8 триллион сум бөлінеді.
Құрметті отандастар!
Біз халқымыздың білікті және сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтеміз.
Бөлінген қаражат әрбір науқасқа жетуі үшін біз мемлекеттік медициналық сақтандыруға көшуді жеделдетеміз. Бұл жүйе Ташкентте келесі жылдан бастап іске қосылады. Басқа аймақтарда да кезең-кезеңімен енгізіледі.
Алғашқы медициналық қызметтерді халыққа жақындату жұмыстары жалғасады. Алдағы екі жылда әрбір отбасылық емхана мен дәрігерлік амбулаторияға ең қажетті құрал-жабдықтар мен керек-жарақтар жеткізіледі, экспресс-зертханалар толығымен жаңартылады.
Жаңа жылда шалғай және алыс елді мекендерде қосымша 140 отбасылық дәрігерлік пункт пен емхана, 520 ықшам медициналық орталық құрылады.
Бұл ретте ана мен бала денсаулығын қорғаудың үш жылдық ірі бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Барлық перзентхана кешендері толық жөндеуден өтіп, жабдықталады, төсек-орындар саны 35 пайызға артады.
Махалла – татулық пен тыныштықтың іргетасы, келісім мен ынтымақтың, ағарту мен білімнің қорғаны. Сондықтан бұдан былай мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар махалла деңгейіне дейін түсірілетін болады.
Алдымен, 2023 жылы халық ұсынған су, жарық, жол, мектеп сынды салалардағы жобаларға шамамен 3 есе, яғни 8 триллион сум бөлінеді.
Әрбір махалланың өз кітапханасы, спорт алаңы болуы керек.
Бұл ретте Конституциямызға халықтың лайықты өмір сүруі мен баспанамен қамтамасыз етілуіне қатысты жаңа баптарды енгізу қажет деп есептеймін.
Халыққа арналған жаңа тұрғын үй құрылысының көлемін 1,5 есеге арттырып, 90 мыңға жеткіземіз. Осыған орай, екі жыл бұрын басталған ипотекалық несиелерді жеңілдетілген шарттармен беру жалғасады.
Келер жылы Ташкент облысында «Менің бірінші үйім» жаңа ипотекалық бағдарламасы басталады. Бағдарлама аясында бірінші кезекте тұрғын үйге мұқтаж жас отбасылар үшін және барынша тиімді шарттармен тұрғын үй салынады.
Сонымен қатар, қоғамдық көліктегі жағдай толығымен өзгереді. Сондай-ақ, Ташкент қаласына 1 мың заманауи автобус сатып алынып, 7 жер үсті метро станциясы іске қосылады. Күн сайын 500 мыңнан астам Ташкент тұрғындары мен қонақтарына қосымша қолайлы жағдайлар жасалады.
Үшінші бағыт. Адам құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғау мемлекеттің конституциялық міндет ретінде айқындалуы керек.
Соңғы жылдары біз сот жүйесінде әділеттілікті орнатуда көп жұмыс атқардық. Сонымен қатар, сот төрелігін қамтамасыз етуде әлі қолымыз жетпеген мәселелер бар. Өкінішке орай, қазірдің өзінде тергеу сапасының төмендігі, соттарда адамдардың көп жиналуы, сот шешімдерінің орындалмау фактілері орын алуда.
Бұл мәселелер, ең алдымен, Жоғарғы Сот төрағасы мен Бас прокурорды ойландыруы керек.
Мемлекет есебінен тегін берілетін адвокаттарды электронды іріктеу жүйесі неге әлі іске қосылмаған? Бұған кім қарсы?
Біз бұл мәселені ерекше бақылауға алып, жақын арада бұл жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек.
Ең алдымен, халқымыздың бір жерден екінші жерге баруы тоқтатылады. Ол үшін облыстық соттардың әділ үкім мен шешім шығарудағы өкілеттігі мен жауапкершілігі артады.
Бұдан былай меншік құқығын шектеуге қатысты кез келген әрекет тек сот арқылы жүзеге асады.
Тергеу сапасын арттыру үшін де жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Тергеу адамды айыптау үшін емес, қылмысты әшкерелеу арқылы шындықты анықтау үшін жұмыс істеуі керек.
Сот төрелігін қамтамасыз етуде қорғаушыға берілген құқықтар да қайта қаралып, жеткіліксіз өкілеттіктер беріледі.
Сотталушының қорғаушыдан бас тартуының әрбір ісін прокурор мен сот мұқият тексеретін жүйе енгізіледі.
Соңғы кездері кейбір уақытша ұстау изоляторларында адам құқықтарының бұзылуына қатысты жан түршігерлік мәселелер көтерілуде.
Мұндай жағдайлар біздің елде болуы мүмкін емес. Кімде-кім бұны орындамаса, заң үстем, жазасы сөзсіз.
Сондықтан мұндай орындарға әкелінген барлық адамдарды тіркеудің онлайн жүйесі енгізіліп, бет-әлпетті тану қондырғысы орнатылады.
Бұл жағдайды Бас прокурор мен Ішкі істер министрі әрбір қызметкерге жеткізіп, пәрменді бақылау орнатуы керек.
Министрлер де, әкімдер де бір шындықты түсінуі керек: Өзбекстандағы мүлік пен инвестицияны қорғаушы әкім немесе министр емес, тек Конституция, заң және сот.
Осыған орай Өзбекстанда Халықаралық сауда сотын құру бойынша практикалық жұмыстар да басталды.
Жоғарыда аталған бастамалардың барлығы Конституцияда тікелей мөрленуі керек.
Әр депутат өз округіндегі бюджет есебінен болып жатқан құрылыстар мен жолдарды ай сайын тексеріп, тапсырыс беруші мен мердігерден сапаны талап етсе, жағдай қалай өзгеретінін білесіз бе? Бұл үшін сіздерде өкілеттілік жеткілікті.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жеке заңдар қабылданып, құқықтық базалар жасалды.
Енді практикалық жұмысты күшейту қажет. Жасанды монополияға, жабық схемаларға, жалпы сыбайлас жемқорлыққа жол беретін барлық олқылықтар жойылады.
Төртінші бағыт экологияның, әсіресе су мәселесінің жаһандық проблемаға айналуымен байланысты.
Біз бүгінді ғана емес, болашақ ұрпақты да ойлауымыз керек. Сондықтан Конституциямызда табиғи ресурстарды, оның ішінде су объектілері мен жер асты қорларын қорғау талаптарын күшейту қажет.
Өздеріңіз білесіздер, елімізде соңғы 3 жылда қуаңшылық болды. Мұның әсері әсіресе Амудария төменгі алабындағы біздің аймақтарда айқын байқалды.
Жалпы, соңғы 15 жылда жауын-шашын 25 пайызға азайған. Жазда өте ыстық күндердің ұзақтығының артуы бізді әлі үлкен сынақтар күтіп тұрғанын көрсетеді. Бірақ қазіргі уақытта егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай шығын бар. Сондықтан су шаруашылығы жүйесі реформаланады.
Қазіргі уақытта бүкіл әлемдегідей Өзбекстанда да күрделі экологиялық проблемалар туындауда. Өңірлеріміздің көпшілігінде топырақ құрамының бұзылуы, құнарлы жердің тарылуы, шөлейттену, су тапшылығы, қуаңшылық, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету солардың қатарында.
Құрметті халық өкілдері!
Біз ауыл шаруашылығындағы реформаларды қатаң түрде жалғастырамыз.
Біз жер қатынастары бойынша үлкен жұмыстарды бастап, биылғы жылы 100 мың гектар егістік жерді халыққа шаруа қожалығына бөлдік. Осының арқасында 1,5 миллион тонна қосымша азық-түлік өсірілді.
Ең бастысы, ауылдарда 400 мың жаңа шаруа қожалығы құрылып, 1 миллион 200 мыңнан астам халқымыз жұмыспен қамтылып, табыс тауып отыр.
2023 жылы халықты сумен қамтамасыз ететін қосымша 100 мың гектар егістік жер бөлеміз. Осының есебінен 350 мыңға жуық жаңа шаруа қожалығы құрылады.
Жалпы 750 мың жаңа шаруаны кәсіпкерге, жер иесіне айналдыра алсақ, ауылдағы көптеген әлеуметтік мәселелер, ең алдымен, жұмыссыздық пен кедейшілік шешімін табады.
Жалпы, 2023 жылы аграрлық секторда қосылған құнның жоғары тізбегін құру жобаларына 1 млрд доллар бөлінеді.
Бесінші бағыт. Еркін нарықтық тетіктерді енгізу, салауатты бәсекелестік пен жеке меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау Конституцияда ерекше орын алуы тиіс.
Бүгінгі әлемде болып жатқан күрделі процестерден бәріңіз де хабардарсыздар. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай, энергия ресурстарының тапшылығы артып, азық-түлікке деген қажеттілік артып, қаржы ресурстары қымбаттауда.
Мұндай жағдайда, қаншалықты қиын болса да, біз экономикалық реформаларды табанды түрде жалғастырып, ішкі мүмкіндіктерді толық жұмылдырып, жеке секторды одан әрі қолдайтын боламыз. Ол үшін бірінші кезекте бизнес ортаны жақсарту бойынша реформаларды жеделдетеміз.
Біз бюджет шығындарын, азаматтар мен кәсіпкерлер алдындағы міндеттемелерімізді азайтпай, бизнеске түсетін салық жүктемесін азайту жұмысын жалғастырамыз. Атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесін 15%-дан 12%-ға төмендетуге байланысты кәсіпкерлердің иелігінде кемінде 14 триллион сум қалады. Бірақ бизнес ортаны жақсарту үшін салықты азайтудың өзі жеткіліксіз.
Атап өткім келеді: біз кәсіпкерлік саласында бастаған реформаларды табанды түрде жалғастырамыз.
Құрметті достар!
Ашық айтқан жөн энергетика саласындағы проблемалар бүгін пайда болған жоқ.
Ұзақ жылдар бойы жаңа газ кен орындарына инвестиция салынбағаны, электр және газ желілерінің жаңартылмағаны да ақиқат. Осының салдарынан жүйеде нақты есеп жоқ, үлкен шығындар әдеттегі жағдайға айналды.
Сонымен қатар, соңғы алты жылда халқымыздың саны 13 пайызға, өнеркәсіптік кәсіпорындар екі есеге, яғни 45 мыңнан 100 мыңға дейін өсті. Соның нәтижесінде электр энергиясына деген сұраныс кем дегенде 35 пайызға артып, жылдан жылға артып келеді.
Экономикамыздың тұрақты дамуы үшін энергетика саласына 25-30 миллиард доллар инвестиция қажет.
Сондықтан соңғы үш жылда салаға 8 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды. Атап айтқанда, өткен аптада Бұхара, Наманган және Хорезмде қуаттылығы 500 мегаватт болатын тағы 3 күн станциясының құрылысы бойынша конкурс аяқталды.
Жыл басынан бері қуаттылығы 1,5 мың мегаватт болатын 7 электр станцияны іске қостық.
Келесі жылы біз 4,5 мың мегаватт болатын 11 ірі жобаны аяқтаймыз. Атап айтқанда, Бұхара, Жызақ, Қашқадария, Науаи, Самарқанд, Ферғана және Ташкент облыстарында салынатын күн және жел электр станциялары есебінен қосымша 14 миллиард киловатт электр энергиясы өндіріледі. Бұл арқылы үй шаруашылығына берілетін электр энергиясы 50 пайызға артады.
Ең маңызды мәселе – энергия ресурстарын тиімді пайдалану.
Өкінішке орай, біздің экономикада энергия тұтыну басқа елдермен салыстырғанда екі есе жоғары. Сондықтан біз энергия тиімділігін арттыру ұлттық бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл жұмысқа депутаттарымыз бен сенаторларымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, оң нәтиже болары сөзсіз.
Жалпы, алдағы үш жылда барлық мемлекеттік ұйымдарда күн батареялары мен ыстық су коллекторлары орнатылады. Бұл мақсаттарға 2 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылады. Осының арқасында олардың электр энергиясы мен газ тұтынуының 60 пайызы «жасыл энергияға» өтеді.
Үй шаруашылықтарында күн батареяларын орнатуға бөлінетін субсидия көлемі екі есеге артады.
Газ өндіруге дейін берілген барлық лицензиялар қаралады, тиімсіз кәсіпорындарға тиісті шаралар қабылданады.
Алтыншы бағыт. Экономикаға жергілікті және шетелдік жеке инвестицияларды ұлғайту үшін жағдайды одан әрі жетілдіреміз.
Келер жылы шамамен 30 миллиард доллар инвестиция тартылса, оның 25 миллиард доллары жеке инвестиция болмақ. Атап айтқанда, жалпы құны 8 миллиард долларды құрайтын 300-ден астам жобаны іске қосамыз, тағы 40 жаңа ірі жоба басталады.
Науаидағы «Пистали» кенішінде 4 миллион тонна алтын кенін өңдеу кешенінің құрылысы аяқталады.
Металлургия саласындағы ірі бағдарламаларымыз бес жылда мысты – 3 есе, алтынды – жылына 150 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Келесі жылы біз ауқымды жекешелендіруді бастаймыз, 1000-ға жуық кәсіпорын сатылымға шығарылады.
Бұл нағыз халықтық IPO болады деп ойлаймын.
Осы орайда мен бұрын айтқанымды қайталауды жөн санаймын: халық бай болса, мемлекет те бай, қуатты болады.
Келесі мәселе – 2023 жылы дайын өнім экспортын қосымша 4 миллиард долларға арттыру басты мақсатымыз болмақ.
Біз Еуропа нарығына тоқыма бұйымдарын, электр жабдықтарын, былғары аяқ киімдерді және басқа да дайын өнімдерді экспорттауды кем дегенде екі есеге арттырамыз. Өнімді экспорттаудағы қазіргі 9 қадамдық кедендік ресімдеу 3 есеге қысқарады.
Жалпы, 2023 жылы экспорт көлемі тарихымызда алғаш рет 23 миллиард доллардан артады.
Құрметті депутаттар мен сенаторлар!
Әлемдегі қазіргі күрделі жағдайда біз өзара сенім мен құрметке негізделген ашық және прагматикалық сыртқы саясатты дәйекті түрде жүргізетін боламыз.
Біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысымызды жаңа деңгейге көтереміз.
Ол үшін жастарымызды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге, олардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын арттыруға көбірек мән беруіміз керек.
Жас ұрпақты осындай жан-жақты, ел үшін жанқияр азамат етіп тәрбиелеуде ардақты көрнекті ақсақалдарымызға арқа сүйейміз.
Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан Өзбекстанды өз Отаным деп санап, оның дамуына үлес қосып жүрген әрбір азамат алдағы уақытта да мемлекетіміз бен қоғамымыздың назарында және құрметінде болады.
Этносаралық достық, діни конфессиялар арасындағы келісім мен әлеуметтік толеранттылық ортасын одан әрі нығайту үшін бар күш-қуатымыз бен мүмкіндіктерімізді жұмылдырамыз.
Біз қоғамымызда радикалданудың кез келген түріне, жастарымыздың санасын деструктивті жат идеялармен уландыруға, дінді саяси мақсатта пайдаланып, надандықты ағартушылыққа ауыстыруға жол бермейміз. Ол үшін тек жауапты ұйымдар ғана емес, баршамыз отбасында, ауданда, білім ошақтарында қасиетті дініміздің гуманитарлық мәнін ашып, ұрпақтарымызды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге жұмыла кірісуіміз керек.
Осы маңызды мәселе бойынша жеке ұлттық бағдарлама қабылдаймыз.
Біз көне де бай тарихымызды, әсіресе, аса қиын жағдайда білім, адам бостандығы, халық бостандығы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық идеяларын батыл көтерген ата-бабаларымыздың еңбегін тереңірек зерделеуіміз керек. Олардың ұлы мақсаттар жолындағы қайсар күресі, жанқиярлығы бәрімізге, ең алдымен, Жаңа Өзбекстанды құрудағы жастарымызға нағыз үлгі мектебі болуы керек.
Қазір Францияның әйгілі Лувр мұражайында өтіп жатқан ұлттық көрме ұлтымыздың қайталанбас тарихи мұрасына, қайталанбас мәдениеті мен салт-дәстүріне шетелдерде қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенін көрсетуде. Осындай тарихи-мәдени қазыналарды жастарымызға, шетелдік туристерге таныстыру, мұражайларды заман талабына сай бейімдеу мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асырылмақ.
Құрметті отандастар!
Сіздермен бірге 2023 жылға үлкен мақсаттар мен міндеттер қойдық. Әрине, әлемнің қазіргі күрделі жағдайында бұл міндеттерді жүзеге асыру оңай емес. Бірақ біз өткен кезеңде көп білім мен тәжірибе жинақтадық. Ең бастысы, өз күшіміз бен мүмкіндіктерімізге деген сеніміміз артып келеді.
Сондықтан қанша қиын болса да таңдаған жолымыздан қайтпаймыз. Біз өз мақсаттарымызға міндетті түрде жетеміз. Бұл жолда біз үлкен ниетті, жүрегі таза, еңбекқор халқымызға арқа сүйейміз.
Жұмыла жұмыс жасасақ, еліміз ұмтылып отырған Жаңа Өзбекстанды міндетті түрде құрамыз деп ойлаймын.
Біздің реформаларымызды жан-жақты қолдап, барлық сынақтарды қайсарлықпен еңсеріп, жанқиярлық еңбегімен сүйікті Отанымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қайсар, асыл да төзімді халқымызға тағы да бас иемін.
Баршаңызды, барша халқымызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке, отбасылық бақыт тілеймін.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Жаратушы баршамызды Өзбекстанымызды өз панасында сақтасын!