Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Бейжіңге жасаған ресми сапары аясында Өзбекстан – Қытай бизнес-форумы өтті. Форум қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 4 миллиард АҚШ долларына тең келісімшартқа қол қойылды.
Бұл туралы Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Шароф Рахмонов пікір білдірді. Оның айтуынша, Президенттің бұл сапары Өзбекстан мен Қытай арасындағы көпжылдық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, әсіресе ШЫҰ аясындағы халықаралық байланыстарды кеңейтуге жол ашады.
— Біз осы сапар қарсаңында Қытайдың Бейжің, Шанхай, Чэнду, Хэфей және басқа да бірқатар қалаларында болып, тығыз серіктестік орнаттық. Келісімдер, жол карталары және өзара ынтымақтастықты тереңдету жоспарлары қабылданды, – деді Ш. Рахмонов.

Форумда Қытай кәсіпкерлері Ташкент нарығына ерекше қызығушылық танытып, бірқатар ірі инвестициялық жобаларға қол қойды. Атап айтқанда, Қытай компаниялары Ташкентте сауда-ойын-сауық және қонақүй кешендерін салу саласында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын. Әсіресе, қала үшін стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл ең алдымен дренаж жүйесін қайта құру және жаңғырту, жолайрықтарды реконструкциялау, автомобиль жолдары мен жалпы көлік инфрақұрылымын жетілдіруді қамтиды.
Сонымен қатар, Ташкент қаласының электр желілері үшін жаңа қосалқы станциялар салу ерекше атап өтілді. Жоспар бойынша алғашқы кезеңде алты жаңа подстанция тұрғызылып, кейіннен олардың қуаты кеңейтіледі. Бұдан бөлек, қуаты 200 мегаватт болатын энергия сақтау станциясы іске қосылмақ.
Екіжақты инвестициялық келісімдер пакетіне Ташкенттің белгілі бір бөлігінде «Диснейленд» үлгісіндегі ірі ойын-сауық саябақтары мен аквапарктер салу жобасы да енгізілген. Бұл бастамалар тек халқымыздың игілігіне қызмет етіп қана қоймай, ел астанасына келетін шетелдік туристер ағынын арттыруға да септігін тигізеді.