Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Президенттеріне Лев Толстой атындағы Халықаралық бейбітшілік сыйлығы табысталды
01:35 / 2025-12-22

Ресей Федерациясына жасалған жұмыс сапары аясында Н.А. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонға Лев Толстой атындағы Халықаралық бейбітшілік сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен халықаралық марапатты оның қазылар алқасының төрағасы, Мариинский театрының көркемдік жетекшісі әрі бас директоры, Ресей Үлкен театрының бас директоры, дирижёр Валерий Гергиев тапсырды.

Үш елдің басшылары осынау беделді сыйлыққа Орталық Азия өңірінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор жеке үлесі үшін лайық деп танылды.

Қазылар алқасының шешімінде атап өтілгендей, 2025 жылғы 31 наурызда Ходжент қаласында үш Мемлекет басшылары мемлекеттік шекаралардың түйісу нүктесі туралы шартқа және Мәңгілік достық туралы Ходжент декларациясына қол қойып, осылайша халықаралық құқықтың үстемдігіне негізделген жалпы және тең қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосты.

Бұл сыйлықтың гуманистік идеяларға адалдықты білдіретіні және Орталық Азияны бейбітшілік, әл-ауқат пен жасампаздық кеңістігіне айналдыру жолындағы ортақ үлестің мойындалуы екені атап өтілді. Сондай-ақ бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы байланыстарда жаңа парақ ашылуы үш ел халықтарының саяси ерік-жігері, өзара сенімі мен тату көршілікке ұмтылысының нәтижесі екені айтылды.