Ташкентте Өзбекстан, Қазақстан және Қырғыз Республикасы Энергетика министрлерінің кезекті үшжақты кездесуі өтті.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, кездесуде аталған елдер басшыларының күш-жігерімен стратегиялық әріптестік пен одақтастық қарым-қатынастар барған сайын дамып келе жатқаны, бұл көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды негізі болып табылатыны атап өтілген.
«Жоғары деңгейдегі кездесу мен келіссөздер барысында барлық басқа салалармен қатар энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып жатқаны айтылып, су энергетикасы, соның ішінде «Қамбарата ГЭС-1» салу жобаларын жүзеге асыруды жеделдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Жиында аталмыш жобаны сәтті жүзеге асыруға, жаңа электр желілерін тартуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты ұйымдастыру-құқықтық мәселелер жан-жақты талқыланды», делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, биылғы жылы су ресурстарын тиімді пайдалану, күзгі-қысқы кезеңдегі энергетикалық жүйедегі жұмыстарды үйлестіру бойынша Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Ж.Мирзамахмудов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Т.Ибраев және Қазақстан Республикасының Энергетика министрі А.Сатқалиев тиісті хаттамаларға қол қойды.