Өзбекстан Президенті Қазақстанның Премьер-министрін қабылдады
Кездесуде Өзбекстан мен Қазақстан серіктестігі аясында жаңа экономикалық күн тәртібін қалыптастыру бойынша «жол картасын» әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді
Бүгін 25 ақпан күні Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев екінші Өзбекстан – Қазақстан аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Өзбекстанға сапарлай келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминді қабылдады.
Сұхбат басында Мемлекет басшысы соңғы жылдары екі ел арасындағы жан-жақты қатынастардың серпіні айтарлықтай нығайып келе жатқандығын және жоғары деңгейдегі жүйелі келіссөздер арқасында достықты, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастықты нақты мазмұнмен байыта түсуге ықпал етіп жатқанын айтып өтті.
Асқар Мамин Өзбекстан Президентіне жылы қабыл үшін алғыс білдіріп Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтаулары мен ізгі тілектерін жеткізді.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық, энергетикалық, аграрлық, білім беру, мәдени және басқа да басым бағыттардағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары мен сауда-саттықтың жоғары өсу қарқынын ұстап тұруға қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ екі ел арасындағы жетекші компаниялардың қатысуымен ынтымақтастық арқасында инфрақұрылымды дамыту жобаларын ілгерілетуге ерекше назар аударды.
Кездесу соңында кең ауқымды Өзбекстан – Қазақстан серіктестігі аясында жаңа экономикалық күн тәртібін қалыптастыру бойынша «жол картасын» әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.