Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдап алды
22:59 / 2023-08-30

Бүгін, 30 тамызда Өзбекстанға жаңадан тағайындалған шетел елшілерінің сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қытай Халық Республикасының елшісі Юй Цзюнь, Малайзия елшісі Ильхам Туа Бин Ильяс, Ұлыбритания елшісі Тимоти Смарт, Түркіменстан елшісі Шодурди Мередов пен Бангладеш Халық Республикасының елшісі Мұхаммед Монирул Исламнан сенім грамоталарын қабылдап алды.

Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған шетелдік дипломатиялық өкілдіктер басшыларын Өзбекстандағы ресми қызметінің басталуымен құттықтады.

Салтанатты шара көпұлтты Өзбекстан мемлекеті тәуелсіздігінің 32 жылдығын кең көлемде мерекелеп жатқан тұста өтіп жатқаны атап өтілді.

Биылғы жылы Өзбекстанда жалпыға бірдей танылған демократиялық нормаларға сәйкес маңызды саяси оқиғалар – жаңартылған Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум және Президент сайлауы сәтті өткені айтылды. Олардың нәтижелері жүргізіліп жатқан реформалардың артқа қайтпайтындығын мықтап қойды. Бұл «Өзбекстан-2030» стратегиясында көрсетілген.

Өзбекстан басшысы геосаяси шиеленістің күшеюі, өзара сенімнің әлсіреуі, әртүрлі аймақтарда жаңа қақтығыстардың пайда болуы, қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қауіп төніп тұрған жағдайда Өзбекстанның ашық және прагматикалық сыртқы саясат жүргізіп жатқанын ерекше атап өтті.

Әлемнің барлық елдерімен өзара сыйластық пен практикалық ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастар жүйелі түрде дамып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымымен, басқа да ықпалды халықаралық ұйымдармен және өңірлік құрылымдармен көпжақты серіктестік нығайа түсуде.

Биыл Өзбекстанда Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммиті, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық конференция, Дүниежүзілік туристік ұйым Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы өтеді.

Мемлекет басшысы жаңа елшілер өкілдік ететін елдермен қарым-қатынасты сапасы мен мазмұны жағынан мүлде жаңа деңгейге шығарудың бірқатар маңызды мәселелеріне назар аударды.

Өзбекстан Республикасының Президенті Қытайдан жаңадан тағайындалған елшіге сөйлеген сөзінде Бейжің біздің сенімді және уақыт сынынан өткен достарымыздың бірі екенін және онымен қарым-қатынастар кейінгі жылдары жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің осыдан бір жыл бұрын елімізге жасаған тарихи мемлекеттік сапары және осы жылдың мамыр айында Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясындағы жемісті кездесуіміз екіжақты қарым-қатынастарға серпін берді, – деді Өзбекстан басшысы.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында өзара сауданы ұлғайту, жоғары технологиялар мен инновациялар, «жасыл» экономика, цифрландыру, жасанды интеллект, жаңартылатын энергия көздері, озық индустрия және инфрақұрылым салаларындағы жетекші қытайлық компаниялармен әріптестікті кеңейту, «smart ауыл шаруашылығы, медицина және бірлескен фармацевтикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға, ғылыми-білім және мәдени алмасуларды жеделдетуге ерекше көңіл бөлінеді.

Қазан айында Қытайда алдағы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумы аясында жоғары деңгейдегі кездесу өткізу жоспарланған.

Малайзия Өзбекстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі болып табылады.

– Біздің қарым-қатынасымыз өзара құрмет пен дәстүрлі достық қағидаттарына негізделген дәйекті түрде дамып келеді. Қазіргі жаһандық және аймақтық мәселелерге біздің елдеріміздің көзқарастары ұқсас немесе жақын, деді Өзбекстан Президенті.

Электроника және электротехника, ақпараттық технологиялар, тамақ өнеркәсібі, туризм, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығы және жетекші малайзиялық компаниялармен, әсіресе, мұнай-химия кәсіпорындарымен әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы сөз болды.

Ташкент және Үргеніш қалаларында Малайзияның «Бинари» университеті табысты жұмыс істеуде.

Белсенді өзара сапарлар да жоғары деңгейдегі кездесулерге жақсы негіз жасауда.

Әлемде орасан зор саяси, экономикалық және интеллектуалдық әлеуетке ие Ұлыбритания Өзбекстанның ұзақ мерзімді және маңызды серіктесі болып табылады.

Кейінгі жылдары елдеріміз арасында достық пен өзара сыйластыққа негізделген кең ауқымды қарым-қатынастар орнығып, тұрақты дамып, жаңа жобалар және нақты бағдарламалармен толығуда.

Парламенттер, сот мекемесі, әділет, білім және қаржы министрліктері арасындағы серіктестік кеңейіп келеді.

Өзбекстан мен Ұлыбритания Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Экономикалық бағытта өзара сауда көлемі жоғары қарқынмен артып келеді.

Өзбекстан басшысы республикада инвестиция мен инновациялар саласындағы игерілмеген орасан зор әлеуетті толық іске асыруға мүдделі екенін атап өтіп, банк және қаржы, цифрлық экономика, «жасыл» энергетика, геология, химия және басқа салаларда бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Түркіменстан – біздің ең жақын көршіміз. Тілі, діні, салт-дәстүрі бір халықтарымыз сан ғасырдан бері қатар өмір сүріп келеді.

Кейінгі жылдары елдеріміз арасындағы барлық бағыттар – саясат, парламентаралық байланыс, сауда-экономика, көлік, энергетика, су және ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілгені қуанышпен атап өтілді.

Жақында Өзбекстан Президентінің Ашхабадқа сапары, Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түркіменстан Халық Кеңесінің төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен нәтижелі келіссөздер жүргізіп, стратегиялық әріптестікті тереңдетуге қызмет етті.

– Сауда қарым-қатынастарын кеңейту, экономикалық саладағы ынтымақтастықты нығайту және нақты жобаларды жүзеге асыру, жүк тасымалы мен транзит көлемін арттыру үшін біздің әлеуетіміз зор, – деді Өзбекстан басшысы.

Көп жақты байланыстарды, Біріккен Ұлттар Ұйымы, басқа да жетекші халықаралық және өңірлік ұйымдарды қоса алғанда, тығыз диалог пен өзара қолдау тәжірибесін жалғастыру ниеті білдірді.

Бангладеш Халық Республикасы – Оңтүстік Азиядағы және бүкіл ислам әлеміндегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біздің елдер арасындағы диалог белсенді түс алды.

Саяси және сауда-экономикалық «жол карталары» қабылданған. Тоқыма, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, туризм салаларында әріптестікті кеңейту, жаңа инвестициялық жобалар мен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру перспективалары айқындалған.

Салтанатты жиын соңында Өзбекстан Президенті елшілерге жауапты да абыройлы қызметінде зор табыстар тілеп, елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін белсендірек жұмыс істеп, өңірлерімізге көбірек баруға шақырды.

Дипломаттар жылы шырайлы қабылдауға және олардың нәтижелі жұмыс істеуіне жасалған жағдайға ризашылықтарын білдіріп, барлық білімдері мен күш-жігерлерін екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға бағыттайтындықтарын баса айтты.