Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті әйелдерді мерекемен құттықтады
20:45 / 2023-03-07

Ташкент қаласындағы Халықаралық конгресс орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті.

Шараға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып, елдегі әйелдерге құттықтау жолдады.

– Бүгін Жаратушының ұлы мұғжизасы – аяулы аналарымыз, ардақты қарындас, қылықты қыздарымыздың құрметіне ең әдемі сөздерді айтуымыз табиғи. Ең бастысы, біз сіздерді жанқиярлықтың үлгісі деп санаймыз. Мейірге толы жүрегіңіз, ақыл, махаббат пен адалдығыңыз үшін сіздерден өмір бойы қарызбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Расында, барлық салада қыз-келіншектердің орны бөлек. Бүгінде медицинадағы әйелдеріміздің үлесі – 77 пайыз, білім берудегі – 74 пайыз, экономика мен өндірістегі – 46 пайыз. 2000-ға жуық адам мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызметтерді атқаруда.

2017 жылы қыз-келіншектердің басқарудағы үлесі 27 пайызды құраған болса, бүгінде ол 33 пайызға, саяси партияларда 40 пайыздан 47 пайызға, кәсіпкерлікте 21 пайыздан 37 пайызға дейін өсті.

Халық үшін аянбай еңбек еткен 17 әйелге ең жоғары марапат «Өзбекстан Қаһарманы» атағы берілген. Қыз-келіншектер арасында 700-ден астам ғылым докторы, 3 мыңға жуық ғылым кандидаты, сондай-ақ 5 академиялық жоғары оқу орнында құрметті атаққа ие болғандар бар.

Республикада қыз-келіншектердің өмір сүру және еңбек жағдайларын жақсартуға басымдық берілуде. Осы мақсатта өткен жылы 872 мыңнан астам қыз-келіншек жұмыспен қамтылып, 250 мыңнан астамы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіп пен кәсіпкерлікке оқытылғаны айтылды.

Өткен жылы 14 мыңға жуық әйелдің баспана жағдайы жақсарды. «Әйелдер дәптері» аясында 642 мыңға жуық қыз-келіншекке практикалық көмек көрсетілді. 

Президент қыздардың сапалы білім алуы туралы айта отырып, Абдурауф Фитраттың «Аналар – бүкіл адамзаттың тәрбиешісі» деген сөзін еске алды.

Соңғы жылдары бұл тұрғыдағы шарттар дәйекті түрде кеңейтілуде. Егер осыдан 6 жыл бұрын жоғары оқу орындарында 110 мың қыз-келіншек білім алса, қазір бұл сан 500 мыңға жуықтады.

Жаңа ережеге сәйкес, магистратурада оқитын 10 мыңнан астам студент қыздың келісім-шарт ақшасын мемлекет тарапынан төленді. 65 мыңнан астам студент қыз-келіншекке пайызсыз білім беру несиесі бөлінді. Аз қамтылған отбасында тұратын 2 мыңға жуық қыз, сондай-ақ мамандығы бойынша бес жыл еңбек өтілі бар 500-ден астам қыз-келіншек арнайы квота бойынша жоғары оқу орындарына қабылданды.

– Мемлекет басшысы ретінде қандай заңдар мен шешімдер қабылдасақ та, қандай реформаларды жүзеге асырсақ та, менің көз алдымда ардақты аналарымыздың, аяулы қарындастарымыз бейнесі, олардың мұң-мұқтаждары тұрады. Сіздер, қымбаттыларым, отбасы қасында бейбіт, сау, берекелі, бақытты өмір сүруіңіз, қоғам өміріне белсене араласуға қызмет етуіңіз басты міндетім ғана емес, абыройлы парызым деп білемін. Себебі, отбасының тірегі, қоғамның тірегі болған аналарымыз бен әйелдеріміз өмірге разы болса, бүкіл халық өмірге риза болады. Халық риза болса, Жаратушымыз да бізден риза болады, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан Республикасы Президентінің 6 наурыздағы жарлығымен бір топ қыз-келіншек жоғары атақ, орден және медальмен марапатталса, Президенттің қаулысына орай 28 қыз Зульфия атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінгі шарада осы жоғары марапаттар салтанатты түрде табыс етілді. 

Республиканың түкпір-түкпірінен келген қыз-келіншектер, түрлі министрлік пен ведомстволардың қызметкерлері мерекені мерекелік дастархан басында атап өтті.

Салтанатты шараға шетелден келген дипломат әйелдер, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің өкілдері де қатысты. Мемлекет басшысы оларды да жылы лебізімен құттықтады.

Мереке салтанатты концерттік бағдарламамен аяқталды.