English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті Түркі Кеңесінің бейресми саммитіне қатысты
21:27 / 2021-03-31

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияев 31 наурызда видеоконференция түрінде өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен шарада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түрік Кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Республикасы Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Республикасы Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайып Ердоған, Түркіменстан Республикасы Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов,Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан және Түрік кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әмреев қатысқан іс-шарада, тараптар ұйым шеңберінде экономика, сауда, көлік және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы көпжақты практикалық ынтымақтастықты нығайту туралы пікір алмасты.

Кездесуде барлық түркі халықтарының рухани дамуына үлкен үлес қосқан ұлы ақын және ойшыл Қожа Ахмет Ясауи мұрасына ерекше назар аударылды. 

Мемлекет басшысы осы кеңесте діни және адамгершілік көзқарасымен аймақта үлкен құрметке ие болған Хазірет Ясауиге Ұлы қолбасшы Әмір Темірдің ықыласы ауып, оның құрметіне арнап Түркістанда керемет кесене тұрғызғанын айтып, берік тарихи байланыстар, ортақ тіл, мәдениет және рухани құндылықтар негізінде құрылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аймақтық ынтымақтастықтың тиімді механизміне айналып отырғанын жеткізді.

Шавкат Мирзияев өз сөзінде коронавирус пандемиясының әсерінен болып жатқан жаһандық дағдарыстың жағымсыз салдарын азайту және жою үшін экономикалық ынтымақтастықтың қысқа мерзімді және орта мерзімді стратегиясын әзірлеу туралы бастаманы алға тартты. Сондай-ақ, жаңа жағдайдағы сауданы, инвестицияларды, өнеркәсіпті, көлік байланыстарын жедел қалпына келтіру және дамыту, электронды сауда мен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, іскерлік және аймақаралық ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді толық пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Өзбекстан Президенті аймақтың орасан зор көліктік-транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға, Азиядағы әлемдік нарықтарға қол жетімділікті кеңейту мақсатында Орталық Азиядағы көлік дәліздерін, сондай-ақ Әзірбайжан мен Түркия арқылы Еуропалық нарықтарға шығатын маршруттарды дамыту бойынша ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

Сонымен қатар Президент Шавкат Мирзияев Түрік кеңесіне мүше елдердегі қасиетті жерлерге «Қасиетті зиярат» жобасын жүзеге асыру және осы мақсатта қажылық туризмін дамыту бағдарламасын қабылдау туралы бастама жариялады.

Ұлы өзбек ақыны, ойшылы және мемлекет қайраткері Әлішер Науаидың түркі әлемінің рухани-ағартушылық өміріне қосқан баға жетпес үлесін ескере отырып, Мемлекет басшысы ғылым, білім, әдебиет, өнер, әлеуметтік салалардағы жетістіктері және түркі әлемінің бірлігін нығайту жөніндегі күш-жігерді ынталандыру мақсатында Түркі кеңесі аясында Әлішер Науаи атындағы Халықаралық сыйлық тағайындауды ұсынды.

Өзбекстан Президентінің бастамалары саммитке қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты.

Саммит қорытындысына орай Түркістан декларациясы қабылданып, онда бейресми саммитте қол жеткізілген негізгі келісімдер көрсетілген.

Кезекті Түрік кеңесінің сегізінші саммиті 2021 жылдың күзінде Түркия Республикасында өтуі жоспарлануда.