Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 4 сәуір күні Самарқанд халықаралық климат форумының жалпы отырысында сөз сөйледі.
Форум жұмысына Еуропа кеңесінің Президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы Одиль Рено-Бассо, Еуропа экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Халықты орналастыру бағдарламасының атқарушы директоры Анаукладия Россбах, Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенцияның атқарушы хатшысы Ибрагим Тиау және өзге де мәртебелі меймандар қатысты.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады.
Форумда 2 мыңнан астам шетелдік қонақ болды. Олардың қатарында ұлттық және жаһандық экологиялық ұйымдардың өкілдері, халықаралық құрылымдардың басшылары, сарапшылар, ғалымдар, журналистер мен бизнес саласының өкілдері бар.

Күн тәртібіне сай, Орталық Азияны алаңдатып отырған өзекті климаттық мәселелер, экологиялық тұрақтылық, «жасыл» экономикалық даму және климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде форумның халықаралық деңгейі мен қатысушылар беделі – жаһандық қауымдастықтың тұрақты даму мәселелеріне ортақ әрі тиімді шешім іздеудегі ынтымақ пен ниеттің айқын көрінісі екенін атап өтті.
Өткен жылы алғаш рет әлемде орташа температура Цельсий шкаласы бойынша 1,5 градустан жоғары көтерілгені айтылды. Бұл соңғы онжылдықтағы ең ыстық кезең болды.

– Бұл өзгерістердің салдарын бүгінде бәріміз сезінудеміз: орман өрттері мен шөлейттену көлемінің артуы, мұздықтардың еруі, су ресурстарының жетіспеушілігі мен ауаның ластануы – бәрі климат дағдарысының айқын көрінісі, – деді Өзбекстан Президенті.
Форум аясында Орталық Азия елдері бірлесе отырып, климаттың өзгеруіне бейімделу стратегиясын әзірлеп, бірауыздан қабылдады.

Арал теңізінің тартылу салдарын жеңілдету, суды тиімді пайдалану және «таза» энергия көздерін кеңейту бағдарламалары аясында еуропалық серіктестермен табысты ынтымақтастық жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Мұндай әріптестік Орталық Азияның тұрақты «жасыл» дамуына елеулі үлес қосады.

Осы орайда, климаттың өзгеруіне қарсы күресте жаһандық көшбасшы болып саналатын Еуропалық Одақпен нақты әрі терең әріптестікті дамытуға мүдделілік білдірілді.
Климаттың өзгеруі мәселелерінің азық-түлік пен энергия қауіпсіздігімен тығыз байланысты екені ерекше атап өтілді.

Өнімді жерлердің күрт азайып бара жатқанына тоқталып, бүгінде аймақтағы жалпы жер көлемінің 20 пайыздан астамы тозғаны айтылды. Алдағы ширек ғасырда ауыл шаруашылығы өнімділігі үштен бір бөлікке төмендеуі мүмкін.
– Осыған байланысты, орман шаруашылығы мен аграрлық сектордың бейімделуін арттыру, сондай-ақ «Ufuk – Europe» бағдарламасы аясында азық-түлік қауіпсіздігін күшейту үшін ғылыми әлеуетімізді біріктіру – өмірлік маңызы бар мәселе деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президентіміз Өзбекстанда тозған жерлер көлемін азайту және климаттың өзгеру салдарын жұмсарту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы мәлімет берді. «Жасыл кеңістік» бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Арал маңының 2 миллион гектардан астам шөлейтті аумағына құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер егілген.
Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында «Орталық Азияның жасыл белдеуі» атты өңірлік ағаш отырғызу акциясын өткізу ұсынылды.

Президент Шавкат Мирзиёев экономиканы дамытудың ресурсты үнемдейтін және экологиялық жағынан таза модельге көшіру мәселесіне де ерекше назар аударды.
Бұл саладағы басты бағыттардың бірі – «жасыл» энергетика.
Алдағы бес жылда қайта жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесін 54 пайызға жеткізу көзделген. Бұл парниктік газдар шығарындыларын жылына шамамен 16 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
– Біз Өзбекстанның Париж келісімі аясында парниктік газдар шығарындыларын 35 пайызға қысқарту жөніндегі міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауға бар күшімізді салатынымызды атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру ретінде Ташкент қаласында Еуропалық Одақтың «Су – Энергия – Климаттың өзгеруі» деп аталатын бастамасының Хатшылығын құру ұсынылды.
Форум аясында ұсынылған өңірдің «жасыл даму» тұжырымдамасы ерекше атап өтілді.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне тоқтала отырып, Мемлекет басшысы 2040 жылға қарай Орталық Азия елдері Әмудария мен Сырдария өзендері ағынының азаюы салдарынан судың айтарлықтай тапшылығына тап келуі мүмкін екенін ескертті.
Суды үнемдеу мақсатында ирригациялық жүйелерді бетондау жұмыстары жүргізіліп жатқаны, су үнемдейтін технологияларды шығаратын өнеркәсіптік база құрылып жатқаны айтылды. Бұл технологиялар бүгінде егістік алқаптардың шамамен жартысына, яғни 2 миллион гектарға жуық жерге енгізілген. Мұндай шаралардың нәтижесінде былтыр 8 миллиард текше метрге жуық су үнемделді.
– Біз Орталық Азияда су үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша күш-жігерімізді біріктіріп, осы салада өңірлік бағдарламаны іске қосуға шақырамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Аталған мәселелерді сарапшылар деңгейінде талқылау үшін Арал маңында су үнемдейтін технологиялар жөніндегі халықаралық форум өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ, мұздықтардың жай-күйін спутник арқылы үздіксіз бақылау және өңірдің тау экожүйелеріндегі қауіп-қатерлерді ерте анықтау бойынша Еуроодақтың «Коперник» бағдарламасы аясында ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірілді.
Ташкенттегі «Жасыл университет» базасында құрылған Климаттық резиденция Орталық Азиядағы климаттық үдерістерді зерттеу және мониторинг жүргізу бойынша ортақ ғылыми-сараптамалық алаң бола алатыны айтылды.
Сонымен қатар, 5 сәуір күні Нөкіс қаласында өңірдің экологиялық мәселелеріне өнер жобалары арқылы назар аудартуға бағытталған Арал мәдени саммиті өз жұмысын бастайды.
Сөзінің соңында Өзбекстан Президенті «болашақ ұрпақтың тұрақты, қауіпсіз және өркендеген әлемде өмір сүруі үшін барлық қажетті шараларды қабылдау» бәріміздің ортақ мақсатымыз екенін атап өтті.
– Сол үшін қарым-қатынасты нығайтып, ортақ ізгі ниет жолындағы барлық елдердің күш-жігерін үйлестіру аса маңызды, – деді Өзбекстан Президенті.