Самарқанд қаласындағы Конгресс орталығында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Өзбекстанда мемлекеттік сапармен жүрген Қатар Мемлекетінің Әмірі Шейх Тамим бен Хамад әл-Соний арасында келіссөздер өтті.
Саяси диалог пен мәдени-гуманитарлық алмасуды одан әрі дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу басында Қатар Әмірі Өзбекстан басшысына сапарға шақырғаны және Қатар делегациясына көрсеткен жылы да шынайы қабылдауы үшін алғысын білдірді.
Дипломатиялық қарым-қатынастар тарихында тұңғыш жоғары деңгейдегі бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап, оны жан-жақты әріптестік деңгейіне көтеруге қызмет ететіні айтылды.
- Біз Қатарды Таяу Шығыс аймағындағы ғана емес, бүкіл араб-мұсылман әлеміндегі перспективалы серіктесіміз деп санаймыз. кейінгі жылдары Сізбен қарым-қатынасымыздың арқасында байланыстарда үлкен өзгерістер орын алуда, – деді Мемлекет басшысы.
Осы жылы Ташкент қаласында Қатар елшілігінің ашылуы екіжақты ынтымақтастықты белсенді ілгерілетуде маңызды рөл атқарғаны атап өтілді. Қатар тарапы Дохада Өзбекстан елшілігінің ашылуы бұл үдеріске күшті серпін беретініне сенім білдірді.
Тараптар өзара сауда көрсеткіштерін арттыруға, бірлескен инвестициялық жобалар мен сауда келісімдерін жүзеге асыруға дайын екендіктерін айтты.
Қатардың жетекші компанияларының энергетика, газ және химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, логистика, туризм және басқа да салалардағы жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуы туралы келісімге қол жеткізілді.
Келешегі зор жобаларды қолдау мақсатында биылғы жылдың қыркүйек айында Өзбекстан-Қатар инвестициялық форумын өткізу және бірлескен жобаларды қаржыландыру тетіктері мәселесін қарастыру ұсынылды.
Мемлекет басшылары Орталық Азияны Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын ең қысқа, сенімді және қауіпсіз дәліздерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Мәдениет, білім және туризм салаларындағы алмасуларды жандандыруға бағытталған күш-жігерді, соның ішінде бірлескен мәдени күндер, концерттік бағдарламалар, көрмелер, қолөнер және аспаздық шаралар өткізуге жан-жақты қолдау көрсетуге келісілді. Екі елдің астаналары арасында жоспарланған тұрақты әуе рейстері іскерлік қарым-қатынас пен өзара туристер ағынын арттыруға қызмет ететіні айтылды.
Сондай-ақ жаһандық және өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды. Тараптар Ауғанстанға қатысты прагматикалық саясат жүргізудің, ел экономикасын қолдаудың және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудің маңыздылығын сөз етті.
Осы тұрғыда Трансауған темір жолын құру жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыруды бірлесіп ілгерілету перспективалары қарастырылды.
Кездесу соңында Шейх Тамим бен Хамад Әл Соний Өзбекстан басшысын Қатарға сапармен келуге шақырды.
Келіссөздер конструктивті, ашық және сенімді рухта өтті.