Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті мен Германия Канцлері ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады
22:05 / 2024-09-15

Самарқанд қаласындағы Конгресс орталығында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Германия Федералдық Канцлері Олаф Шольцтың қатысуымен екіжақты келіссөздер өтті.

Кездесудің басында Мемлекет басшысы Федералдық Канцлердің Өзбекстанға сапарының тарихи маңыздылығын атап өтті. 

- Бұл сапарды Өзбекстан мен Германия арасындағы көпқырлы қатынастарды одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлуіңіз және Жаңа Өзбекстандағы артқа қайтпайтын реформаларды қолдауыңыздың белгісі ретінде қабылдаймыз, - деді Шавкат Мирзиёев.

Мемлекет басшысы Германия Федеративтік Республикасының 75 жылдығы және жақындап келе жатқан Германия Бірлігі күнімен қонақтарды шынайы құттықтады.

Келіссөздер барысында Өзбекстан мен Германия арасындағы көпқырлы қарым-қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Өткен жылы Берлинде жоғары деңгейдегі кездесулер екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін бергені атап өтілді.

Барлық деңгейдегі байланыстар жанданды. Өткен жылы тауар айналымы 1 миллиард еуродан асты. Германия бизнесімен ынтымақтастық кеңеюде, жыл басынан бері Өзбекстан экономикасына Германия компанияларының 800 миллион еуро инвестициялары тартылды.

Маусым айында Ташкентте өткен Өзбекстан-Германия Іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы сәтті өтті.

«KfW» банкі мен Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының қаржылық-техникалық көмек жобалары жоғары бағаланды.

Өткен жылы Берлиндегі Жаңа мұражайда өткен Өзбекстанның мәдени мұрасы көрмесі маңызды мәдени шара ретінде атап өтілді, оны жарты миллионнан астам адам тамашалағаны айтылды.

Биыл жазда Самарқанд қаласында Ибн Сина және Генрих Шиппергес атындағы Медицина ғылымдарының жоғары мектебінің ашылуы да мақтанышпен атап өтілді.

Тараптар парламенттер, үкіметтер және сыртқы істер министрліктері арасындағы белсенді байланысты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

Сыртқы саясат органдарына Өзбекстан-Германия қарым-қатынастарын нығайту, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелер, соның ішінде Ауғанстандағы жағдай бойынша тұрақты кеңесулер өткізу тапсырылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ институттары және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы белсенді ынтымақтастық жалғасады. 

Бүгінгі саммитте Өнеркәсіп және технологиялар бойынша стратегиялық серіктестік бағдарламасының дайындалғаны атап өтілді. Германияның жетекші компаниялары және банктерімен жалпы құны шамамен 9 миллиард еуро болатын ынтымақтастық жобалары әзірленуде.

Бұл жобалар «жасыл» энергетика, химия өнеркәсібі, маңызды шикізатты игеру, машина жасау, тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да көптеген салаларды қамтиды.

 «Siemens Energy» компаниясымен бірге ел аумағында бу-газ электр станцияларын салу, «Linde Group» компаниясымен «метанол аралын» құру және «жасыл» аммиак өндіру, «KfW Ipex-Bank» қатысуымен ірі мыс кенін игеру, «Giga Fiber» компаниясымен мыс өндіру және кабель өнімдерін шығару, «AMK Global» көміртекті талшық өндіру, «Guesscon» компаниясымен сутегі өндіру сынды бірқатар маңызды жобалар белгіленді.

Сорғы жүйелерін оқшаулау, жаңартылатын энергетика, медициналық өнімдер шығару және логистикалық орталықтар құруға арналған жаңа жобалар да қарастырылуда.

Бұл жобаларды жеделдету және қолдау, сондай-ақ инвестицияларды ынталандырудың тиімді құралдарын енгізуге келісті.

Сапар барысында маңызды шикізат ресурстары және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылатын келісімдердің маңыздылығы атап өтілді.

Өзбекстан Германия үкіметінің бастамасымен құрылған Климат клубына қатысуға мүдделі екені айтылды.

Мемлекет басшысы Германияға БҰҰ-ның Арал теңізі аймағына арналған Траст қорының белсенділігін арттыру жоспарларын жүзеге асыруда негізгі серіктестердің бірі болуды ұсынды.

Германияның озық тәжірибесі, білімі мен технологияларын тарту және мамандардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударыла отырып, осы бағыттарда ынтымақтастық бойынша ауқымды бағдарламалар әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.

Транспорт пен логистика, құрлық және әуе жолдарын дамыту, көлік шығындарын азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өзбекстан Президенті «Lufthansa» авиакомпаниясының тікелей рейстерін қалпына келтіру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Өзбекстан мен Германия аймақтары арасындағы серіктестік қатынастарын кеңейту маңызды екені атап өтілді. Жыл басынан бері Германияның екі федералды аймағының өкілдері Өзбекстанға сапар жасады. Жыл соңына дейін Берлин, Бавария және Тюрингия делегацияларының келуі күтілуде.

Сапар аясында еңбек көші-қоны саласындағы ашық әрі жүйелі ынтымақтастықты жолға қобға бағытталған келісім жасалғаны да айтылды.

Германияның дуальды білім беру жүйесін Өзбекстан аумағында кеңінен енгізу қызығушылығы да айтылды. Екі елдің жетекші университеттері арасында білім және ғылыми байланыстарды дамыту үшін екі елдің жоғары оқу орындарының форумын ұйымдастыру бастамасы көтерілді.

Өзбекстан тарапы бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға және Германия жоғары оқу орындарының факультеттері мен филиалдарын ашу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға дайын екенін білдірді.

Сапар аясында Басқарушы кадрларды даярлайтын бірлескен мектептің іске қосылғаны айтылды.

Өзбекстан Президенті жастарымыздың неміс тіліне деген қызығушылығы жоғары екенін, 300 мыңға жуық жас жігіттер мен қыздар осы тілді меңгеріп жатқанын атап өтті. Әндіжандық оқушы қыз Райёна Ибрагимова жақында неміс тілі пәнінен өткен дүниежүзілік олимпиадада жеңімпаз атанғаны – соның мысалы.

Германия тарапы Өзбекстан аймақтарында тілдерді оқыту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын кеңейтуге қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның қызметін қалпына келтіру ұсынылды.

Кездесу соңында қабылданған келісімдерді жүзеге асыру үшін бірлескен «жол картасын» әзірлеп, қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.