Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті Жеңістің 79 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысты
17:29 / 2024-05-09

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеу қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Жеңістің 79 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысты..

Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңіс шеруі өтті. Оны Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Гвинея-Бисау Президенті Умару Сиссу Эмбало, Лаос Президенті Тхонглун Сисулит және Куба Президенті Мигель Диас-Канель де тамашалады.

Өзбекстан халқының ұлы жеңіске лайықты үлес қосқанын көптеген тарихи деректер мен мысалдар айқын дәлелдейді.

Сұрапыл соғыс басталған алғашқы күннен-ақ жерлестеріміз фашизмге қарсы ерлікпен күреске кірісті. Ол кезде республикамыздың халқы 6,5 миллион адам болса, оның 1 миллион 950 мыңнан астамы жауға қарсы қанды шайқастарға қатысты. Бұл батыр, ержүрек ұлдардың 538 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. 158 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

214 мыңнан астам өзбекстандық әскерлер мен офицерлер жауынгерлік ордендер және медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, 301 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 70-і үш деңгейлі «Слава» орденімен марапатталған.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзбекстандық офицерлердің арасынан ондаған генералдар мен білікті командирлер шықты.

Өзбекстан соғыс жылдарында майдан артындағы күшті қамтамасыз ету базасына айналды. Елімізден ұрыс далаларына көп мөлшерде қару-жарақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, шатыр, парашют және басқа да қажетті өнімдер жөнелтілген. 170-тен астам зауыттар мен фабрикалар соғыс аймақтарынан Өзбекстанға көшіріліп, тез арада іске қосылды. 1941-43 жылдары Өзбекстан халқы қорғаныс қорына өз еркімен 475 миллион рублден астам ақша мен 22 миллион рублдік жеке заттарын тапсырғаны жеңісті жақындатуға тағы бір маңызды үлес болды.

Халқымыз сол қасіретті жылдарда гуманизм мен адамгершілік саласында бірегей тарихи мектеп құрды. Соғыс жүріп жатқан аймақтардан қоныс аударған 1 миллион 500 мыңға жуық түрлі ұлт өкілдері Өзбекстанды паналады. Олардың ішінде 250 мыңнан астам жетім балалар да болды. Халқымыз оларға мейірім көрсеткен.

Халқымыздың биік ерлігі мен толеранттылығын растайтын бұл тарихи айғақтарды әлемдік қауымдастық құрмет етеді.

Өзбекстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан тылында жанқиярлықпен еңбек еткен ата-бабаларымыздың ерлігін мәңгілік етуде ерекше мән берілуде. Соғыс ардагерлері мен мүгедектері жыл сайын ынталандырылуда. Ташкент қаласында үлкен Жеңіс саябағы ашылып, оған бүгінге дейін 2 миллион 200 мыңнан астам зияратшылар келген.

Шарадан кейін Өзбекстан Пезиденті Шавкат Мирзиеев Ресей Президенті Владимир Путинмен және басқа да ел басшыларымен бірге Александр саябағындағы «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Ескерткіш Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін жанын пида еткен миллиондаған түрлі ұлт өкілдерінің, оның ішінде өзбек ұлдарының батырлығы мен ерлігінің символы.

Президенттер бір минут үнсіздікпен жауынгерлерді еске алып, құрмет көрсетті.

Салтанатты шара соңында құрметті қарауыл мен оркестр сап түзеді.

Осымен Ресейге жұмыс сапары аяқталды. Әуежайда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары – Индустрия және сауда министрінің міндетін атқарушы Денис Мантуров және басқа да ресми тұлғалар шығарып салды. Мемлекет басшысы Ташкентке қайтып оралды.