Өзбекстан Президенті Франция Президентінің кеңесшісін қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 3 сәуірде Франция Президентінің кеңесшісі Изабель Дюмонды қабылдады. Кездесуде жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру мәселелері мен екі елдің жан-жақты әріптестігін кеңейту перспективалары талқыланды.
Жоғары мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Франция Президенті Эммануэль Макронның шынайы сәлемін және жеке хатын жеткізді.

Кездесуде белсенді саяси диалогтарды жалғастыру, өзара сауда көлемін ұлғайту, жетекші француз компаниялары және банктерімен «жасыл» энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, көлік және туризм инфрақұрылымы сияқты салаларда бірлескен жобаларды ілгерілетудің маңыздылығы айтылды.

Париж қаласындағы Лувр мұражайы мен Араб әлемі институтындағы мәдени шара мен көрмелер жоғары бағаланды. Өзбекстан мектептерінде француз тілін оқытуды кеңейту мәселесі де сөз болды.
Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың өзекті аспектілері бойынша пікір алмасылды.