Spanish
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының басшысын қабылдады
17:50 / 2025-04-04

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 4 сәуір күні Самарқанд климат форумының аясында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Еуропа экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчанды қабылдады.

Кездесу басында мәртебелі мейман Мемлекет басшысына БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Президент Еуропа экономикалық комиссиясының 2030 жылға дейінгі кезеңде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды рөлін, сондай-ақ көлік, инновация, тоқыма өнеркәсібі, энергетика, экология және гендерлік теңдік салаларындағы, сонымен қатар Өзбекстанның ДСҰ-ға мүше болуы бағытындағы сараптамалық қолдауын ерекше атап өтті.

Өңірлік және ұлттық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ 2023 жылғы қарашада Бакуде өткен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері үшін арнайы бағдарламасы (СПЕКА) бойынша алғашқы саммитінде Өзбекстан Президенті ұсынған бастамаларды ілгерілету жайы талқыланды.

Өзбекстанның бастамасы негізінде СПЕКА-ның 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданғаны, ЕЭК-пен сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі «жол картасына» қол қойылғаны, Транскаспий дәлізі аясында цифрландыру мен құжат алмасуға байланысты кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Жыл басында комиссия қолдауымен Өзбекстан «Орхус конвенциясына»ву қосылып, халықтың қоршаған орта туралы сенімді ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге қадам жасады.

Қазіргі уақытта Өзбекстан Трансшекаралық ауа ластануы және өндірістік апаттардың трансшекаралық әсері туралы конвенцияларға қосылу мәселесін пысықтап жатыр.

СПЕКА бағдарламасы аясындағы Мақсатты қорды тез арада іске қосу қажеттігі де атап өтілді.