Президенті Шавкат Мирзиёев 23 қазанда өңірлердегі ауыз су және кәріз жүйелерін жақсарту, азық-түлік дақылдарын егу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан өңірлік және әлеуметтік бағдарламаларда ауыз сумен қамту ерекше орын алады. Осыған байланысты сапалы және тұрақты қызмет көрсету үшін баға қатынасы маңызды.

Талдауға байланысты бүгінде 1 текше метр ауыз судың құны Ташкентте 448 сум болса, Наманганда 3 мың, Самарқанд пен Науаида 2 мың 600 сумды құрауда.
Су өндіруге кететін шығындағы электр энергиясының үлесі республика бойынша орта есеппен 27 пайызды құрайды. Бірақ бұл көрсеткіш Ферғана, Наманган және Ташкент облыстарында жоғары.

Республикада баламалы энергияны пайдалануды кеңейту мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдарға, тұрғындардың үйлеріне күн батареялары орнатылып жатқаны белгілі. Алайда, бұл тұрғыда жылына 880 миллион киловатт-сағат электр энергиясын тұтынатын сумен жабдықтау кәсіпорындарының жұмысы айтарлықтай емес.
Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне ауыз судың құнын төмендету міндетін қоя отырып, оның ең үлкен көзі су шаруашылығы кәсіпорындары пайдаланатын электр энергиясының бір бөлігін «жасыл энергияға» көшіру екенін атап өтті.

Мысалы, қазір су кәсіпорындары 1 киловатт-сағат электр қуатын 900 сумға сатып алуда. Күн станцияларында өндірілетін электр энергиясының бағасы орта есеппен 350-400 сум, яғни 2 еседен астам арзан. Инвесторларды тарта отырып, су құрылыстарының айналасындағы бос жерлерге күн батареяларын орнату мүмкін.
Сондай-ақ, ескі ауыз су сорғыларын энергияны үнемдейтін сорғыларға ауыстыру керектігі айтылды.

Су жобаларының құнын қайта қарастыра отырып, оларда қолданылатын материалдарды локализациялау мүмкіндіктері көрсетілді.
Саладағы тың жобалар бұдан былай тұрғындардың пікіріне байланысты мақұлдаған соң жергілікті кеңестерде талқыланады деп шешілді. Жобаға қанша қаражат бөлінгені, қай кәсіпорын мердігер екені, қашан басталатынына қатысты барлық ақпарат жарияланады. Осылайша бұл тұрғыда да қоғамдық бақылау күшейтілмек.

Кездесуде бақша мен жүзім егіндерінің арасына басқа егін егу жұмыстары да сөз болды.
Республикада 331 мың гектар бау-бақша, 153 мың гектар жүзім алқабы бар. Олардың араларына пияз, сарымсақ, сәбіз, жержаңғақ, картоп, қызанақ, қияр егілсе, базарда қосымша өнім, халыққа табыс болмақ.
Сондықтан жыл соңына дейін 92 мың гектар алқапқа тоқсан бестік әдіспен көкөніс егіп, оған тұқым, су беру шаралары белгіленді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесіне қарасты ғылыми-зерттеу институттары климатқа қолайлы дақыл түрлері мен агротехникасы бойынша ғылыми ұсыныстар береді.
Жиында сала басшылары мен облыс әкімдері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жоспарларын таныстырды.