26 қаңтарда Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясы мен оны биылғы жылы жүзеге асыру мәселелері талқыланған видеоконференциялы жиын өтті.
Өзбекстан тұрғындарының пікірі мен ұсыныстары негізінде 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленді.
Бұл бағдарламалық құжатта елдің жақын және орта мерзімді кезеңіндегі даму үрдістері айқындалып, осыған байланысты басымдықтар белгіленген. «Іс-қимыл стратегиясынан – даму стратегиясына» деген қағидаға негізделген реформалардың жалғасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.


Даму стратегиясы 7 басымдық пен 100 мақсаттан тұрады. Олар:
I. Адамның қадір-қасиетін арттыру және еркін азаматтық қоғамды одан әрі дамыту арқылы халықтық мемлекет құру;
II. Әділдік пен заңның үстемдігі принциптерін еліміздегі дамудың ең негізгі және қажетті шартына айналдыру;
III. Ұлттық экономиканың дамуын жеделдету және жоғары өсу қарқынын қамтамасыз ету;
IV. Әділ әлеуметтік саясатты жүргізу, адами капиталды дамыту;
V. Рухани дамуды қамтамасыз ету және саланы жаңа деңгейге шығару;
VI. Ұлттық мүддеге негізделген көзқарас арқылы жалпыадамзаттық мәселелерге мән беру;
VII. Еліміздің қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін нығайту, ашық, прагматикалық және белсенді сыртқы саясат жүргізу.
Даму стратегиясын жүзеге асырудың Мемлекеттік бағдарламасы биылғы жылы жалпы құны 55 триллион сум және 11,7 миллиард долларлық 398 шараны қарастырады.


Мемлекет басшысы жеті басымдықтың әрқайсысына тоқталып, ең маңызды тұстарын атап өтті.
Атап айтқанда, махалла мемлекеттік басқару мен бақылаудың негізіне айналуы, халықпен байланыс жүйесін жетілдіру, қоғамдық пікір негізінде аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыру керектігі айтылды.
Қыз-келіншектердің оқуы және жұмыс істеу мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту арқылы олардың арасындағы жұмыссыздықты екі есе азайтуға болатыны сөз болды.
Екінші бағытқа тоқтала келе, «заң үстемдігі индексі» жоғары елдер қатарынан көріну басты міндеттердің бірі екені айтылды. Осы мақсатта меншік құқығын сенімді қорғау және әкімшілік соттардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қамтамасыз етудің жаңа жүйесі құрылады.
Жолдарда қауіпсіз жағдай жасау, жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітімді күрт азайту үшін жол қозғалысын басқару толығымен цифрланады, жүргізуші куәлігін оқыту күшейтіледі.


– Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту, еліміздің аумақтық тұтастығын, шекарамыздың мызғымастығын қамтамасыз ету –ьең басты міндет. Тұрақты экономика ғана әлеуметтік мәселелерді шешеді, – деді Шавкат Мирзияев.
Сондықтан стратегияда экономика салаларын жан-жақты және қарқынды дамыту, заманауи жұмыс орындарын құру және кедейшілікті азайту бойынша бірқатар шаралар белгіленген.
Атап айтқанда, алдағы бес жылда ішкі жалпы өнімді 100 миллиард долларға жеткізу көзделген. Өнеркәсіп өндірісін 1,4 есеге ұлғайтып, кедейшілікті кемінде 2 есеге азайту жоспарлануда.
Ғылым мен инновация, ауыл шаруашылығына нарықтық механизмдерді енгізу арқылы шаруалардың табысын екі есеге арттырып, аграрлық сектордағы жыл сайынғы өсімді кем дегенде 5 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ алдағы бес жылда экономикаға 120 миллиард доллар, оның ішінде 70 миллиард доллары шетелдік инвестиция тартуды, экспортты жылына 30 млрд долларға жеткізу көзделген.


Әлеуметтік бағыттағы негізгі міндеттер де айқындалып, алдағы бес жылда мектептерде қосымша 1,2 миллион оқушы орыны ашылып, оқулықтар жаңартылады. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар санын көбейту арқылы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 80 пайызға жетеді.
Жоғары оқу орындарын беделді халықаралық рейтингтерге енгізу, жеке серіктестік негізінде 100 мың студенттік жатақхана салу да маңызды міндеттер қатарында.
Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, цифрлық медицинаны кеңінен енгізу қажеттігі айтылды. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бюджеттен бөлінетін қаражатты 3 есеге ұлғайту жоспарлануда.
Руханият саласындағы шараларды талқылау барысында 12 мыңнан астам кітапхана қорын тиімді пайдалану, ұлттық идея негізінде идеологиялық шабуылдарға қарсы бірлесіп күресудің маңыздылығы да айтып өтілді.
Дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатындар санын 33 пайызға жеткізу, олимпиадалық және паралимпиадалық қозғалысты одан әрі дамыту міндеттері қойылды.
Экология және қоршаған ортаны қорғау, «Жасыл кеңістік» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселелеріне де назар аударылды.
Еңбек көші-қонын жүйелі ұйымдастыру, азаматтарды шет тілдері мен кәсіптеріне оқыту, шетелдегі отандастармен байланысты кеңейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Даму стратегиясының тағы бір маңызды бағыты – еліміздің қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін нығайту, ашық және прагматикалық, белсенді сыртқы саясат жүргізу.
Осы мақсатта Жаңа Өзбекстанның қауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданады. Ақпараттық технологиялар шабуылдарының алдын алу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі құрылады. Төтенше жағдайларды басқару жүйесі жетілдіріледі. Ішкі және сыртқы қаржылық ағындарды бақылау және соған байланысты тәуекелдердің алдын алу үшін жаңа тетіктер енгізіледі.