Өзбекстанда қоршаған ортаны қорғау және оның жай-күйі туралы халықты сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша ұлттық деңгейдегі шаралар күшейтілуде. Бұл қадам Өзбекстан Республикасы Конституциясының 49-бабында бекітілген экологиялық құқықтарды қорғауға бағытталған.
Осыған байланысты елде «Қоршаған ортамен байланысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесінде жұртшылықтың ақпарат алу, қатысу және әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігі туралы Конвенцияға (Орхус, 1998 ж. 25 маусым) қосылу туралы» заң қабылданды.
Бұл халықаралық құжат БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының (UNECE) экологиялық құқықтарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған келісімі болып табылады. 1998 жылы 25 маусымда Данияның Орхус қаласында өткен Еуропа экология министрлерінің конференциясында 38 мемлекет бұл құжатқа қол қойған.
Конвенцияның негізгі мақсаты – қоғамның қоршаған ортаға әсер ететін шешімдер қабылдау процесіне қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық құқықтарды әділ сотта қорғауға мүмкіндік беру.
Өзбекстанның Орхус конвенциясына қосылуы қоршаған ортаны қорғау саласындағы адам құқықтарын қамтамасыз етуге, экологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, шет мемлекеттермен бірлескен экологиялық жобаларды жүзеге асыруға, Өзбекстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл шешім қоршаған ортаға қатысты кез келген өзгерістер туралы ақпараттың ашықтығын арттырып, экологиялық мәселелерді шешуде қоғамның белсенділігін күшейтуге септігін тигізбек.