Италияның Милан қаласында өтіп жатқан «Tutto Food 2025» халықаралық көрмесі әлемнің ең ірі және беделді азық-түлік шараларының бірі саналады. Бұл алаңда түрлі елдерден келген өнім өндірушілер мен дистрибьюторлар бас қосып, жаһандық нарықтағы жаңа мүмкіндіктерді саралауда.
Осы айтулы көрмеге Өзбекстанның азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары да белсене қатысып отыр. Ұлттық павильонда еліміздің 15 жетекші экспорттаушы компаниясы өз өнімдерін паш етуде.

Айта кетерлігі, олардың бесеуі халықаралық көрмеге алғаш рет жеке стендпен қатысып, тың серпінмен өз әлеуетін таныстыруда. Барлық тауарлар «Made in Uzbekistan» ұлттық бренді аясында ұсынылып, сапасы мен экологиялық тазалығымен ерекшеленген.
Көрменің басты мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, Еуропалық Одақ елдеріне экспорт көлемін ұлғайту және жаңа нарықтарға жол ашу.

Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметінше, шара аясында бірқатар ірі шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, екіжақты әріптестік бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Атап айтқанда, «Zuho Qamar» және «Lord Fruits» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Еуропаның жетекші импорттаушы компанияларымен ірі келісімшарттарға қол қоюға жақын. Бұл бастама Өзбекстанның экспорттық әлеуетін арттырып, отандық өнімдердің шетелдік тұтынушылар арасындағы сұранысын еселемек.
«Tutto Food 2025» көрмесі бірнеше күнге жалғасып, Өзбекстан кәсіпорындары үшін жаңа нарықтарға шығуға, халықаралық байланыстар орнатуға және ұлттық брендтің беделін көтеруге зор мүмкіндік беріп отыр.