Өзбекстан мәдениеті мен өнерін дамыту қоры және Мәдени мұра агенттігі өкілдерінің Лондондағы Британ мұражайы басшылығымен кездесуі өтті.
«Dunyo» мәліметінше, келіссөздер барысында Британ мұражайы базасында Өзбекстан мәдениетін насихаттау, екі елдің музейлері арасында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың наурыз айына дейін Британ мұражайында Өзбекстанның музейлік жәдігерлері қойылатын «Жібек жолы» көрмесін ұйымдастыруға келісілді.
Отырыс қорытындысы бойынша көрмеге қойылатын Өзбекстандағы музей қорларынан бірегей экспонаттар бекітілді. Атап айтқанда, бұл көрмеде Афросиёб мұражайындағы елшілер бейнеленген қабырға суреті, Варахшадағы қызыл бөлмеден алынған қабырға суреті, Кафирқаладан табылған бірегей оюлы панно, соғды дәуіріндегі экспонаттар көрсетіледі.
Өзбекстанның бұрын еш жерде көрсетілмеген кейбір бірегей экспонаттары Британ музейі көрмесінің жауһарларына айналатыны және бұл өз кезегінде Өзбекстанның тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытуға қызмет ететіні атап өтілген.
Британ мұражайы - әлемдегі ең көне, ең үлкен және ең көп адам баратын мұражайлардың бірі. Мұражайды 1753 жылы корольдік дәрігер және өнер коллекционері Ханс Слоан неізін қалаған. Ол өз коллекциясын мемлекетке мұраға қалдырған. Жалпы, мұражай көрмелері 94 галереядан тұрады, олардың жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайды.