Өзбекстан Метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды.
26 мамырда Бұхарада кедейшілікті азайтуға арналған халықаралық форум өз жұмысын бастады. Форум аясында Өзбекстанның метан эмиссиясының жаһандық бастамасына қосылуы туралы іс-шара өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – Экономикалық даму және кедейшілікті азайту министрі Джамшид Кочкаров Өзбекстанның «жасыл» экономикаға көшу және метан шығарындыларын азайту бастамаларын қолдайтынын айтты.
Сондай-ақ бұл бастамадан көзделген мақсатқа жету үшін халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста энергетика, қатты тұрмыстық қалдықтар мен агробизнес салаларына баса назар аударылып, кешенді шаралар қолға алынатыны айтылды.
Метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық бастама мүше мемлекеттердің 2030 жылға қарай жаһандық метан шығарындыларын 2020 жылғы деңгейден кемінде 30 пайызға азайту жөніндегі ұжымдық күш-жігерге ерікті түрде келіскенін білдіреді. Бүгінде бұл бастамаға 120-ға жуық мемлекет қосылған.