Өзбекстан мен Әзірбайжан бірлесіп паром жасауды қолға алуды жоспарлап отыр.
«Тренд» басылымының хабарлауынша, тараптар Транскаспий бағыты бойынша көлік жүйесін дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құруы мүмкін.
«Паромдар Өзбекстанның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұсынылады. Жобаның қаржыландыру көлемі 150 миллион долларды құрайды. Қазіргі уақытта көлік және транзит саласындағы серіктестікті кеңейту үшін нақты шаралар әзірленуде. Қойма инфрақұрылымы да бірлесе қалыптастырылады», делінген хабарламада.
22 тамызда Ташкентте өткен бизнес-форум аясындағы келіссөздер нәтижесінде жалпы құны 2 миллиард долларды құрайтын жобалар пакеті бекітілді. 23 тамызда екі ел басшыларының іскер топ өкілдерімен кездесуінде 520 миллион долларлық 7 жоба дайындалды.
2023 жылдың тамыз айында Өзбекстан тарапы Баку портындағы қойма инфрақұрылымын пайдалануға қызығушылық танытқан. Айта кету керек, 2022 жылы бұл порт арқылы 904 мың тонна жүк тасымалданған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 65 пайызға өскен.