Ханой қаласында Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі мен Вьетнамның жетекші корпорацияларының бірі — Vingroup арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
«Dunyo» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Vingroup корпорациясы 1993 жылы құрылған. Компанияс өнеркәсіп, технология, автомобиль жасау мен инфрақұрылым құрылысы салаларына маманданған Вьетнамдағы ірі компаниялардың бірі саналады. Корпорацияның елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 2 пайызды құрайды.
Меморандум аясында тараптар Өзбекстанның даму басымдықтарына сәйкес келетін инвестициялық жобаларды бірлесе зерттеу және іске асыру жөнінде уағдаласты. Атап айтқанда, компания қала құрылысы саласында заманауи тұрғын үй, қонақ үй, бизнес орталықтар мен сауда-ойын-сауық кешендерін салу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, тараптар «жасыл» трансформация, тұрақты көлік және қызмет көрсету жүйесін дамыту бағытындағы мүмкіндіктерді талқылады. Қол қойылған меморандум Өзбекстанның туристік әлеуетін арттыруға, елді халықаралық туристер үшін одан әрі тартымды етуге, рекреациялық орталықтар мен инвестициялық жобаларды дамытуға негіз болмақ.
Бұл құжат екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықта жаңа кезең ашып, стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Vingroup корпорациясының вице-президенті әрі бас директоры Нгуен Вьет Куанг өз пікірінде: — Өзбекстан Орталық Азиядағы әлеуеті жоғары әрі беделді мемлекеттердің бірі. Елде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан. Кейінгі жылдары республика экономикалық өсу көрсеткіштері бойынша Азияда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осы меморандум арқылы компаниямыз Өзбекстан экономикасының өзекті салаларында оң нәтиже беретін инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен орындауға мүмкіндік алады, — деп атап өтті.