2024 жылғы 13 ақпанда Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Өзбекстан-Тәжікстан министрлікаралық саяси консультацияларының кезекті раунды өтті.
СІМ хабарлауынша, тараптар делегациясын Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Рахматулла Нуримбетов пен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Садық Имами басқарды.
Саяси консультациялар барысында екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланған.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастық, өңіраралық байланыстарды дамыту және өндірістік кооперация мәселелері күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болды. Атап айтқанда, шекаралас аймақтарда индустриялық-сауда аймақтарын құру, сондай-ақ жүк және адамдарды жеңілдетілген тәртіпте өтуі үшін шекара бекеттерін жаңғырту қажеттігі баса айтылды», делінген хабарламада
Ведомство дерегінше, құқықтық базаны нығайту және түрлі деңгейдегі алдағы іс-шаралардың кестесі талқыланды. Диалог барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша да пікір алмасылды.