Түркияның Қахраманмараш аймағында тоқыма саласы өкілдерінің қатысуымен екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті.
«Узтуқимачиликсаноат» қауымдастығының хабарлауынша, шара Өзбекстанның Түркиядағы Елшілігі мен «Arikan Group» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға «Kipaş Holding», «Molcem Nano», «Elif Iplik» сынды Түркияның жетекші тоқыма компаниялары қатысты.
Кездесуде екі ел кәсіпорындары арасындағы қолданыстағы ынтымақтастық, жаңа инвестициялық жобалар мен нарық мүмкіндіктері талқыланды. «Molcem Nano» компаниясы өндірістің бір бөлігін Шыршық технопаркіне көшіргені айтылса, «Elif Iplik» компаниясы Өзбекстанға экспорт пен бірлескен жобаларға ерекше қызығушылық танытып отырғаны атап өтілді.

Сұхбат барысында «Arikan Group» компаниясымен Өзбекстанда бірлескен өндіріс ашу, ғылыми-зерттеу қызметін жолға қою және Түркияда маркетингтік кеңселер құру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, Ташкент тоқыма университетімен ұлттық киімдер дизайнына арналған биеннале ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Іс-шара қорытындысында тараптар алдағы жоспарларға тоқталды. Соған сәйкес, ынтымақтастық аясында түрік компаниялары 2025 жылдың 9–11 қыркүйегінде өтетін «TextileExpo» көрмесі шеңберінде Өзбекстанға бизнес-миссиямен келмек. Бұл сапар өндіріс, инновация және мәдени алмасу салаларындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге қызмет етпек.

Айта кетейік, Өзбекстанның тоқыма саласында жүргізіліп жатқан реформалар түрік компанияларына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Инвестициялық климаттың қолайлығы, жаңа технопарктер мен кластерлердің құрылуы шетелдік серіктестер үшін тартымды жағдай туғызуда. Осы орайда, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы аймақтың тоқыма өнеркәсібін жаңа даму сатысына көтеруге атсалыспақ.