Өзбекстан мен Түркия жақын арада преференциялық сауда туралы келісімді ратификациялау бойынша уағдаластық үдерісін жеделдетуге келісті.
Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің хабарлауынша, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Джамшид Ходжаев Түркияның сауда министрі Мехмет Мушпен кездесті.
Өзара тауар айналымын арттыруға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде кездесу барысында тараптар Өзбекстан мен Түркия арасындағы сауда көлемін 2023 жылы 5 миллиард долларға, ал жақын болашақта 10 миллиард долларға жеткізу мақсатында осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін айтты.
Соңғы бес жылда екіжақты тауар айналымы екі есеге өсіп, 2021 жылы 3,4 миллиард долларға жеткен.
Осыған байланысты тараптар преференциялық сауда туралы келісімді жақын арада ратификациялау үшін оны жеделдетуге келісті. Сондай-ақ сауда кедергілерін жою, сауда операцияларын жүзеге асыру кезінде кедендік рәсімдерді жеңілдету, осы салаға цифрлық шешімдерді енгізу бойынша кезекті шаралар айқындалды.
Бұдан бөлек, кездесуге қатысушылар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне ерекше назар аударды. Екі ел арасындағы автокөлік және әуе көлігімен жүк тасымалының оң динамикасын ескере отырып, тараптар көлік инфрақұрылымын дамытудың және екі ел арасындағы тікелей және транзиттік жүк тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша шараларды жүзеге асырудың маңыздылығы туралы келіскені айтылады хабарламада.