Ташкент қаласында Өзбекстан мен Словакия министрліктер аралық саяси консультацияның бесінші кезеңі өтті.
Сыртқы істер министрлігі мәліметі бойынша, Словакия делегациясына сыртқы және Еуропа істері министрлігінің мемлекет хатшысы Марек Эшток, ал Өзбекстан делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Музаффар Мадрахимов жетекшілік етті.
«Кеңесулер барысында Өзбекстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі талқыланып, оны әртүрлі салаларда дамыту болашағы қарастырылды. Негізінен сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталды», делінген хабарламада.
Тараптар жоғары деңгейдегі саяси диалогты нығайту, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, түрлі деңгейлерде сапарлар алмасуды ұйымдастыру және екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық негізін кеңейту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Саяси консультацияның келесі кезеңі 2026 жылы Братиславада өтетін болды.