Бүгін, 30 қарашада Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту және көпжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, осы жылдың желтоқсан айында бейне байланыс түрінде жоспарланған Өзбекстанның төрағалығымен өтетін ТМД саммитіне дайындыққа ерекше назар аударды.
Өзбекстан мен Ресей Президенттері коронавирустық пандемияның тарауынан туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың тұрақты дамуын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Атап айтқанда, өзара сапарлар белсенді түрде жүзеге асырылуда, Бірлескен үкіметаралық комиссия және басқа да ынтымақтастық тетіктері тиімді жұмыс істеп тұр, өзара сауда көлемі артып келеді, экономиканың түрлі салаларында өндірістік ынтымақтастық пен гуманитарлық алмасу бағдарламалары бойынша басым жобалар жалғасуда.
Президенттер сондай-ақ халықаралық маңызы бар мәселелер бойынша пікір алмасып, болашақтағы жоғары деңгейдегі іс-шаралардың жоспарларын талқылады.