2025 жылғы 1 маусымнан бастап Өзбекстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнату туралы үкіметаралық келісім ресми түрде күшіне енеді. Бұл жөнінде Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Құжатқа сәйкес, келісімді іске асыру үшін қажетті ішкі рәсімдер толығымен аяқталған.
Келісім екі ел азаматтарына визасыз кіріп-шығу және транзиттік өту тәртібін реттейді. Енді Өзбекстан мен Қытай азаматтары бір сапарда 30 күннен аспайтын мерзімге, ал әр 180 күн ішінде жалпы 90 күнге дейін визасыз жүру мүмкіндігіне ие болады. Егер азамат 30 күннен ұзақ уақытқа қалуды жоспарласа, алдын ала визалық рұқсат алуы қажет.
Алайда бұл тәртіп оқу, жұмыс істеу, БАҚ саласындағы қызмет және өзге де уәкілетті органдардың арнайы рұқсатын талап ететін жағдайларға қолданылмайды. Сонымен қатар, келісім Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары — Гонконг пен Макаоға қатысты күшіне енбейді.
Айта кетейік, бұл маңызды құжатқа 2024 жылғы 1 желтоқсанда Қытайдың Чэнду қаласында қол қойылған болатын. Келісім екі ел арасындағы туризм, іскерлік байланыстар мен гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамытуға жол ашады деп күтілуде.