Русский
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан мен Қазақстанның тауар айналымы 10 миллиард долларға жетеді
17:50 / 2024-10-22

Самарқанда Өзбекстан мен Қазақстанның төртінші өңіраралық форумы өтті.

Форумға екі елдің үкімет мүшелері, аймақ басшылары және кәсіпкерлер қатысты.

Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А.Арипов пен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.Бектенов Мемлекет басшылары арасындағы шынайы қарым-қатынастар мен данагөй сыртқы саясаттың арқасында соңғы жылдары екі ел арасындағы көпғасырлық достық, тату көршілік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастық қарым-қатынастар қарқынды дамып, барлық салада оң өсім байқалып отырғанын атап өтті.

Кейінгі 7 жыл ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда айналымы шамамен 2,5 есе өсіп, өткен жылы 4,4 миллиард долларды құрады. Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан капиталының қатысуымен 1100-ге жуық, ал Қазақстанда Өзбекстан капиталының қатысуымен 3600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Қолда бар ресурстарды тиімді пайдалана отырып, алдағы жылдары өзара сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізу мүмкіндігі бар.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің биыл тамыз айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында жалпы құны 7 миллиард доллар болатын келісімдер мен шарттарға қол қойылғаны атап өтілді. Осы құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшін үкіметтер мен аймақ басшыларының өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуі қажет екендігі айтылды.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті кеңейтуде өңіраралық байланыстар шынайы қозғаушы күш болып қызмет етіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қарақалпақстан Республикасы Маңғыстау облысымен, Ташкент облысы Түркістан облысымен, Науаи облысы Қызылорда облысымен тікелей және тығыз байланыс орнатқан.

[gallery-19930]

Шекаралас емес өңірлер де өзара байланыстарды нығайтып, сауда-саттық пен өнеркәсіп кооперациясы байланыстарын дәйекті түрде дамытып келеді. Атап айтқанда, Ташкент қаласының кәсіпкерлері Шымкент қаласында тұрмыстық техника мен инфузиялық препараттар өндіруді бастады. Самарқандтағы «Azia Metall» компаниясы Тараз қаласында болат өнімдерін шығаратын зауыт салып жатыр. Астанадағы «BI Group» холдингі Ташкент қаласында ірі құрылыс жобаларын жүзеге асыруда, ал «PTC Holding» компаниясы Ташкент облысында ірі логистикалық орталық құруда.

Үкімет басшылары екі елдің өңірлері мен кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасауға және оларды жан-жақты қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстардың да жылдан-жылға кеңейіп келе жатқаны қуанышпен атап өтілді. Бұл бағытта тұрақты түрде Өзбекстан мен Қазақстанда мәдениет күндері, кино, театр, ғылыми және шығармашылық ұжымдар, зиялылар форумы, оқу көрмелері, мұражай экспонаттарының көрмелері өткізіліп келеді. Биыл Астана қаласында Өзбекстан киносы мен өнері күндері өтті. Хиуа қаласында өткен екінші халықаралық «Лазги» би фестивалінде Қазақстанның «Қазына» би ансамблі бірінші орынды иеленді. Астана қаласында өткен бесінші «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» қатысқан Өзбекстан командасы жемісті өнер көрсетіп, төртінші орынды иеленді.

Тараптар туризм саласы елдер арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі екенін атап өтіп, туристік қызметтер мен инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Премьер-Министрлер Өзбекстан мен Қазақстанның барлық облыстары мен қалалары арасындағы өзара тиімді қатынастарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады.

Форумда өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту және дамыту жөнінде маңызды ұсыныстар мен бастамалар айтылды. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі кездесулерде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бойынша «Жол картасы» бекітілді. Бірқатар министрліктер мен өңірлер арасында ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша құжаттарға қол қойылды.

Өңіраралық форум аясында Өзбекстан Республикасының инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов пен Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жетекшілігімен өңір басшылары және 200-ден астам кәсіпкерлер және ірі компания өкілдерінің қатысуымен Өзбекстан мен Қазақстан кәсіпкерлерінің кездесуі өтті.

Кездесуде екі ел арасындағы серіктестік байланыстарды өңіраралық деңгейде де дамыту маңызды екені атап өтілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп саласы, тоқыма өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды өндіру, тәжірибе және технологиялар алмасу келешегі зор бағыт ретінде белгіленді. Сырдария облысында өзара ынтымақтастықта «Орталық Азия» өнеркәсіп кооперациясы халықаралық орталығының қызметі іске қосылып жатқаны кәсіпкерлерге бұл салада үлкен мүмкіндіктер ашатыны ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ, төртінші форум алдында өзбек - қазақ кәсіпкерлерінің екі елдің серіктес өңірлерінде болып, өзара тәжірибе алмасқанының нәтижелері жоғары бағаланды.

Кездесуде екі ел өңірлері арасындағы тікелей ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру және дайын өнім жеткізу көлемін ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізіліп, 30-дан астам келісімшартқа қол қойылды. Бұдан бөлек, екі елдің кәсіпкерлері өзара ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол жеткізді.

– Біздің кәсіпорын қазақстандық серіктестерімізге полипропилен қаптарын жеткізеді, бұл бағытта тығыз байланыстар орнаттық, – дейді Ферғана облысындағы «Универсал савдо саховати» ЖШС басшысы Акмалхон Абдужалилов. – Бүгінгі кездесуде полимер өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 1 миллион долларлық меморандумға қол қойдық. Бұл жоба, ең алдымен, экологиялық тұрғыдан өте пайдалы, яғни полимер өнімдерінің қоршаған ортаға әсерін азайтуға қызмет етеді. Екіншіден, шикізаттың көп болуы және оны қайта өңдеу нәтижесінде жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізіледі.

Ғ.Ҳасанов, А.Исроилов (сурет), ӨзА