Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 13 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекет басшылары бір-бірін Рамазан айты мейрамымен шын жүректен құттықтап, бауырлас халықтарымызға бейбітшілік және өркендеу тіледі.
Сұхбатта екіжақты қатынастар және аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланып, пандемияның салдарына қарамастан, көп қырлы өзбек-қазақ ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқандығы қанағаттанушылықпен атап өтілді.
Осы жылдың бірінші ширегінде тауар айналымы 28 пайызға өсті, өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Көлік және логистика саласындағы ірі жобалар дайындалып, мәдени-гуманитарлық алмасулар кеңейіп келеді.
Орталық Азия аймағында тұрақтылықты қамтамасыз ету және тату көршілік қатынастарды нығайту мәселелері, сондай-ақ екіжақты кездесулер мен көпжақты іс-шаралар жоспары талқыланды.