Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Өзбекстан Республикасының Мәдениет және туризм министрі Озодбек Назарбековпен кездесті.
Министрлік мәліметінше, сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Асхат Оралов Өзбекстан үкіметі мен министрлікке Қазақстанның мәдениет күндерін сәтті өткізгені үшін ерекше алғысын білдірді.
«Сондай-ақ, алдағы уақытта мәдени іс-шараларды Қашқадария, Науаи және Ферғана облыстарында, Ақтау, Түркістан қалаларында өткізу, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы Үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысының баяндамасында «e- Qonaq» және «e- Mehmonxona» («e-Mehmon») ұлттық ақпараттық базаларын шетелдік туристер бойынша статистикалық деректермен алмасуда интеграциялау мәселелері қарастырылды», делінген хабарламада.

Бұл ретте министрліктер ведомствоаралық жұмыс тобын құру, осы топ отырысын өткізу, олар бойынша трансшекаралық туристік маршруттар мен экспедицияларды дамыту, екі елдің фильмдерін шығаруға қатысты практикалық ұсыныстарды талқылаған.

Кездесуден кейін министрлер Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық театрда ұйымдастырылған Қазақстанның мәдениет күндерінің жабылу салтанатына қатысты.

Шарада бауырлас екі елдің министрлері оның аясындағы мәдениет күндері мен кино күндері жобасының сәтті аяқталғанын атап өтті.
Мұндай шаралардың тұрақты өткізілуі халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетінін сөз етті.
Бағдарлама аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының «Абай» спектаклі қойылды.