Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Джамшид Ходжаев пен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған екі елдің делегациялары арасында кеңейтілген келіссөздер өтті.
Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері талқыланған кездесу барысында, халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығының (ХӨЫО) сыртқы және ішкі инфрақұрылымын ұйымдастырудың жобалық-сметалық құжаттарын, оның қызметін реттейтін тиісті үкіметаралық келісімді қысқа мерзімде әзірлеуге келісілді.
Министрлік мәліметінше, тараптар екі елдің аумақтарында автомобиль өнеркәсібі, фосфор және күрделі минералды тыңайтқыштар өндіру, электротехника өнеркәсібінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
«Фармацевтикалық өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдетіп, форвардтық келісімшарттар негізінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Темір жол мен автомобиль жолдарын әртараптандыруды және екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын арттыруды ескере отырып, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары да сараланды.»
Ведомства дерегінше, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті 20-шы отырысы және оның аясында Ташкент қаласында 4-ші бірлескен өңіраралық форумды ұйымдастыру мәселелері талқыланған.