Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды
Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов бауырлас елдің Халық банкі басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметовамен кездесу өткізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары талқыланды.
Қазақстан Халық банкі басқармасының төрайымы Өзбекстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларға жоғары баға берді. Ол республикадағы ірі инвестициялық жобаларға белсене қатысуға дайын екенін және бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша ресурстар тартуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол биыл маусым айында өтетін Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында ұйымдастырылатын Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысына қатысуға ниетті екенін білдірді.
Тараптар қазақстандық инвесторларды Өзбекстанға тарту, екі елдің іскерлік ортасының өкілдері қатысатын дөңгелек үстел ұйымдастыру мүмкіндіктерін де қарастырды.
Бұл қадам екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.