Бүгін Олий Мажлистің Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмаилов Қазақстан Республикасы Парламентінің Спикері Ерлан Қошанов бастаған делегация мүшелерімен кездесті.
Сұхбат барысында Қазақстан Өзбекстан үшін ең жақын, сенімді және уақыт сынынан өткен әріптес екені, кейінгі жылдардағы екі ел басшыларының жоғары саяси ерік-жігерімен өзара қарым-қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілгені айтылды. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар нығайып келеді.
Кездесу барысында делегация мүшелеріне «Өзбекстан – 2030» стратегиясында айқындалған басым міндеттер, республикада жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды реформалар, Заң шығару палатасы қызметінің негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берілді.
[gallery-14220]
Сондай-ақ, кездесу барысында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және оны жаңа мазмұнмен байыту, тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Ерлан Қошанов екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды факторы болып табылатын парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен нығайту, бұл бағыттағы диалогтарды арттыру қай жағынан да тиімді екенін атап өтті.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытып, нығайтуға келісті.
Кездесуде сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасы мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің Жарғысына қол қойылды.
Осы күннің өзінде Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасы мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті.
Онда елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, көлік-коммуникация, мәдени-гуманитарлық, экология, энергетика мен су ресурстары және басқа да салалардағы қарым-қатынастар аясын одан әрі кеңейту қажеттігі атап өтілді және осы бағыттағы басым міндеттер анықталды.
Қазақстан Парламенті делегациясының Өзбекстанға сапары жалғасуда.