Ташкент қаласында Өзбекстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Делегацияларды Өзбекстан Республикасының инвестициялар, өнеркәсіп және сауда вице-министрі Акрам Алиев пен Польша Республикасының Даму және технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысы Михал Ярош басқарды.
Алдымен екі елдің жүз елуге жуық ірі компаниясының басшылары қатысқан бизнес-форум өтті. Форумға «Jakusz», «BioRex Food diagnostics», «Pronar», «Fabryka Maszyn Elektrycznych Damel S.A.», «Spоłdzielnia Mleczarska Mlekovita», «Bank Gospodarstwa Krajowego (BGK)», «Skybone», «Horus-Energia», «Trade Connect Group», «Clever Logistics», «ABP Lana LP», «Amberite Polanya» сынды ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Тараптар іскерлік байланыстарды жандандыру, аймақтық нарықтар мен көлік-логистика жүйесінің мүмкіндіктерін терең талдау негізінде өзара сауданы кеңейту қажеттігін атап өтті.
Соңғы бес жылда Өзбекстан мен Польша арасындағы тауар айналымы екі есеге артып, өткен жылы 400 миллион доллар шамасына жетті. Бүгінде Өзбекстанда Польша капиталының қатысуымен 39 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, аймақтық нарықтарға жеңілдетілген кіру мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тауарлар мен қызметтер саудасын кеңейту үшін әлеуеттің әлі де жоғары екендігі атап өтілді.
Бизнес-форум барысында экономиканың негізгі салалары таныстырылып, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрлық технологиялар және білім беру бағыттарындағы жоғары табыс әкелетін жаңа инвестициялық бастамалар мен нақты жобалар ұсынылды.

Сонымен қатар, Өзбекстанда кәсіпкерлердің қолайлы жағдайларда жұмыс істеуі, құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы, инвестициялық және өндірістік әлеуеттің артықшылықтары туралы ақпарат берілді.
Форумда ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жан-жақты талқыланып, өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту бойынша нақты міндеттер айқындалды.
Форум бағдарламасы аясында B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, кәсіпкерлер жаңа байланыстар орнату, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру және сауда келісімдерін талқылау мүмкіндігіне ие болды.
Өзбекстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысында тиісті министрліктер, ведомстволар мен сала өкілдерінің қолданыстағы келісімдердің орындалуы туралы баяндама тыңдалды.
Әрбір жоба жан-жақты талданып, белгіленген міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылданып, мерзімдер мен жауапты тұлғалар беткітілді.
Іс-шаралар нәтижесінде Үкіметаралық комиссия отырысының хаттамасы мен бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында:
- Өзбекстан Республикасының Шетелдік инвестицияларды тарту агенттігі мен Польша инвестициялар және сауда агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
- Екі елдің Сауда-өнеркәсіп палаталарының жанынан Кәсіпкерлер кеңесін құру туралы келісім;
- Өзбекстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі өкілі (Бизнес-омбудсмен) мен Польшаның Кіші және орта бизнес омбудсмені арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Бұл келісімдер екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа серпін береді.