Өзбекстан мен Пәкістан бірігіп халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті кілем өндірісін бастайды.
Өзбекстанның Пәкістандағы елшісі Алишер Тухтаев Пәкістанның Кілем өндірушілері мен экспорттаушылар қауымдастығының (PCMEA) өкілдері қатысуымен өткен бизнес-форумға қатысты.
Форум барысында Өзбекстандағы кілем өндірісі саласындағы қолайлы жағдайлар мен даму перспективалары, кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өндірістік әлеует пен экспорттық мүмкіндіктер туралы толыққанды мәлімет берілді.
PCMEA төрағасы Миан Атик ур-Рехманмен өткен кездесу кезінде екі ел арасындағы кілем өндірісіндегі ынтымақтастықты тереңдету, жаңа технологияларды енгізу және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, бірлескен өндіріс жобаларын жүзеге асыру және тәжірибе алмасу, сондай-ақ жаңа халықаралық нарықтарға шығу жайы да қарастырылды.

Бұған қоса, сала кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайту үшін онлайн кездесулер өткізу, 2025 жылдың бірінші жартысында екі ел арасында сапарлар ұйымдастыру жөнінде келісім жасалды. Жоспарға сәйкес, екі елде өтетін халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерде ортақ шоурумдар мен павильондар ашылып, кілем өндірісі саласындағы мамандар мен дизайнерлердің біліктілігін арттыруға арналған бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылатын болады.
Бұл келісім Өзбекстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты достықты нығайтып қана қоймай, экономикалық ықпалдастықтың жаңа деңгейіне көтерілуіне ықпал етеді. Елдер арасында ресурстарды біріктіру арқылы кілем өндірісін дамыту, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару – бұл болашақта үлкен жетістіктерге жету үшін берік негіз қалыптастыруда маңызды қадам болмақ.