Өзбекстан мен Молдова жүк тасымалын рұқсатсыз форматқа көшіреді
2026 жылдан бастап Өзбекстан мен Молдова арасында екіжақты және транзиттік жүк тасымалдарын рұқсатнама талап етілмейтін жүйеге көшіру туралы хаттамаға қол қойылды.
Кишинев қаласында автомобиль тасымалдары мәселелеріне арналған Өзбекстан–Молдова бірлескен комиссиясының отырысы өтті.
Кездесу барысында халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын реттейтін қолданыстағы келісімдерге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттама қабылданды.
Өзбекстан Көлік министрлігінің хабарлауынша, құжатқа сәйкес, 2026 жылдың басынан бастап Молдова бағытындағы екіжақты және транзиттік жүк тасымалдарына рұқсатнама талап етілмейді.
«Аталған келісім Еуропа бағыты бойынша автокөлікпен жүк тасымалдарын дамытуда отандық тасымалдаушыларға қосымша қолайлылық туғызып, сыртқы экономикалық байланыстар мен экспорттық тізбектің тұрақтылығына елеулі үлес қосады», – делінген министрлік хабарламасында.