Өзбекстан мен Лихтенштейн арасында дипломатиялық байланыс орнатылды
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Өзбекстан мен Лихтенштейн арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды.
Екі ел үкіметтері атынан құжатқа Өзбекстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Улугбек Лапасов пен Лихтенштейн Князьдігінің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Кристиан Вайнвайзер қол қойды.
Тараптар халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ және оның мамандандырылған институттары аясында бірлескен ынтымақтастықты нығайтуға өзара дайын екендіктерін білдірді.
Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын табу мақсатында екіжақты қарым-қатынастарды жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Құжатқа қол қою Өзбекстан мен Еуропа елдері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру жолындағы маңызды қадам болды.
Осылайша Лихтенштейн Өзбекстанмен дипломатиялық байланыс орнатқан 146-шы ел болды.